Қоғам

Туризм саласында шешуді қажет ететін мәселелер

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм бойынша кеңес кезекті отырыс ұйымдастырды. Талқылайтын мәселе жеткілікті. Елімізде, оның ішінде аққайыңдар өлкесінде бұл саланы одан әрі дамыту керек. Мысалы, өңірімізде әлі толық туристік карта жоқ. Бұл демалушыларды көптеп тартуға кері әсер етуде.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм бойынша кеңесінің төрағасы:

— “Имантау-Шалқар” курорттық аймағында 48 демалыс орны бар. Алайда, соның барлығы туристік картаға енбеген. Салдарынан демалушылар нендей жерлер барын алдын ала білмейді. Тайынша ауданы жайлы да айта аламын. Жақында Польшадан қонақтар келіп, қасиетті жерді аралап кетті. Бұл мекен жайлы Италияда, Германияда тұратын адамдар да сұрайды. Дегенмен, біз электронды нұсқада таныстырылым жібере алмаймыз. Осы мәселеге жақын арада назар аудару керек.

Шалқар деп шаттанғанымызбен, Имантау деп иек көтергенімізбен бұл аймақта жақында жайсыз жайт орын алды. Халық аптап ыстықта мауқын басу үшін көлге жете алмай қиналды. Демалыс орнына кіреберістегі өткізу пунктінде ақау орын алған. Соның салдарынан демалушылар бірден төлем жасап, діттеген жерге жете алмапты.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм бойынша кеңесінің төрағасы:

— Бұл мәселе жақында ғана жария етілді. Күн тәртібіне алынды, өзім 2 күннен соң Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барамын. Сол кезде егжей-тегжейлі талқылаймыз. Өздеріңіз жақсы білейтіндей, “Имантау-Шалқар” курорттық аймағы “Көкшетау” ұлттық табиғи паркінің аумағына кіреді. Кіру ақысы соларға түседі. Бұл біздің емес, министрлік деңгейінді талқыланатын мәселе. Дегенмен, демалыс орны өңіріміздің шекарасында орналасқан. Назар аударып, талқылауға, шешілуіне ат салысуымыз қажет.

Отырыс барысында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі де баяндама жасады. Ол өздері тарапынан жүргізіліп жатқан тексерістер туралы, қорытынды жайлы баяндады.

Байболат Құлтанов