Құқық қорғау органдары

Петропавлда тәртіп сақшылары құрметке бөленді

Петропавлда отандық полицейлердің кәсіби мерекесі кең көлемде аталып өтті. Тәртіп сақшылары тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қоғам тыныштығын күзетеді. Сондықтан оларға бар жағдай жасау аса маңызды. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Салтанатты шарада облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдің түкпір-түкпірінен келген шенділерге 100 су жаңа қызметтік көлік пен 4 квадроциклдің кілтін табыстады. Айта кету керек, биыл аймақта құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 1 млрд 300 млн теңге бағытталды. Мамыр айында өңір полицейлеріне 80 су жаңа автокөлік берілген болатын. Жаңа техникалар табысталғаннан кейін қаланың бас алаңында мерекелік шара өтті. Басқосудың шымылдығын өңір шетекшісі Ғауез Торсанұлы ашып, қаз-қатар тізілген шенділерді кәсіби мейрамдарымен құттықтады. Полицияның қоғам үшін маңызына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Қоғамның тыныш болуы – сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасы. Сіздердің жұмыстарыңыз жас ұрпақ үшін өнеге.

Мерекелік шарада қызметтік міндеттерін адал атқарып, жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар шенді марапатталды. Олардың қатарында Кәмшат Аманқұлова да бар. Нәзікжанды қазіргі таңда қалалық полиция басқармасының цифрландыру және жасанды интеллект бөлімінде жұмыс істейді. Білікті маманның аталған салада тынымсыз еңбек етіп жүргеніне 20 жылға жуықтапты.

КӘМШАТ АМАНҚҰЛОВА, қалалық ПБ цифрландыру және жасанды интеллект бөлімінің аға инспекторы:

— Бізде бекітілген жұмыс уақыты жоқ. Мереке күндері күшейтілген режимде еңбек етеміз. Бірақ осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Әйел адамға полицияда қызмет ету қиынырақ. Себебі, үйдегі жұмысымыз да бар.

Бұл күні 30-ға жуық полицей құрметке бөленді. Оларға облыс әкімі мен ішкі істер министрінің атынан Құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табысталды. Айта кету керек, қазіргі таңда өңірде 2200-ден астам тәртіп сақшысы еңбек етеді.

Нұрасыл Ахмет