Бұл – Соколов арнайы мектеп-интернаты жанындағы “Орлёнок” балалар лагері. Мұнда қазір 50-ден астам бала тынығып жатыр. Олардың арасында жетімдер, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан және мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер бар. Тұмса табиғат, таза ауада өрендерді сауықтыруға арналған шаралар “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасына негізделген.
МАРИНА ДАНИЛОВА, Соколов арнайы мектеп-интернатының директоры, Қызылжар ауданы:
— Мұндағы жұмысқа мектептің барлық ұжымы тартылған. Тәрбиешілер мен жаттықтырушылар, медицина қызметкері де бар. Балалар лагерьде демалып қана қоймай, түрлі экскурсияға қатысады. Сондай-ақ, орманға серуенге шығып, табиғат аясында уақыт өткізеді. Бұл балалардың денсаулығын нығайтуға ықпал ететіні анық.
Соколов арнайы мектеп-интернаты жанынан құрылған “Орлёнок” лагері 1998 жылы жұмысын бастаған болатын. 2 жыл бұрын мұнда күрделі жөндеу жүргізіліпті. Лагерьде жайлы жатын орындар бар. Су тартылған. Балалар күніне 6 рет тамақтанады. Футбол, волейбол және үстел теннисі алаңдары жабдықталған. Балалар спорттан бөлек, ән айтып, музыкалық аспапта ойнайды. Тәрбиеленушілердің айтуынша, “Орленок” лагерінің ұнайтыны соншалық мұнда қайта-қайта келе бергің келеді.
Айта кету керек, қазір өңірде 10 лагерь мен мектеп жанынан құрылған 200-ден астам алаң жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге де түрлі сауықтыру орындары қарастырылған. Лагерьлерде жаз бойы 6 мыңнан астам бала демалады.