Білім

“Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауы басталды

Қызылжар төрінде “Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауы басталды. Бұл – ақиық ақынның кіндік қаны тамған жерде жылда ұйымдастырылатын айтулы шара.

Биылғы байқауға да Қазақстанның түкпір-түкпірінен “сен тұр, мен атайын” деген арыстандай айбатты жастар келіп отыр. Оларды жүргізушілер салтанатты түрде ортаға шақырып, құрмет көрсетті. Шара барысында Мағжан жайлы, оның қилы тағдыру туралы да айтылды. Жалпы, дәстүрлі байқау Алаш қайраткерінің әдеби мұрасын насихаттауға, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

— Мағжан оқулары 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Соңғы 5 жылдан бері республикалық деңгейде өтіп жатыр. Оқушылар өте белсенді қатысады. Қатысушылардың саны көбеюде.

“Мағжан оқулары” республикалық ғылыми-шығармашылық байқауы 4 аталымнан тұрады. Биыл 65 оқушының басын қосты. Соның 5-еуі Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайды. Тұнық Мұқиятқызы – Алатаудың баурайынан келген қатысушы. Ол 4-ші аталым – “Мағжанның сөзіне жазылған шығармаларды орындау” номинациясында бақ сынайды. Бас жүлдеден үмітті.

ТҰНЫҚ МҰҚИЯТҚЫЗЫ, байқауға қатысушы, Алматы облысы:

—Біздің облысымыздан 4 бала келіп отырмыз. Осындай ақындарымыздың, тұлғаларымыздың кешін өткізу маңызды деп ойлаймын. Өйткені, олар біздің рухани жаңғырудағы құндылықтарымызды дәріптейді. Біздің болашағымызға зор еңбегі тиеді.

Қатысушылар бақ сынап қана қоймайды. Олар қаламыздың көрікті жерлерін де аралайды. Айта кету керек, республикалық байқаудың қорытындысы 25-ші маусым күні Оқушылар сарайында өтетін салтанатты шарада шығарылады.