Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде ұлы ақын, Алаш қайраткері атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды. Салтанатты шараға құрметті қонақтар қатысты. Білім нәрімен сусындататын оқу залының таспасын ардагер ұстаздар қиды. Атақты жерлесіміздің немере інісі Марат Мүсілімов те бұл сәттің куәсі болды.
МАРАТ МҮСІЛІМОВ, Мағжан Жұмабаевтың немере інісі:
— Бүгінгі іс-шара керемет деңгейде өтіп жатыр. Жастарға жол берілді. Жолдары әрдайым ашық болсын. Мағжан атамыздың ғұмыры қысқа болса да, өзінің шығармашылығымен, педагогикалық қасиеттерімен танылып кетті. Кабинеттің ашылуы құтты болсын!
Енді қазақ тілі мен әдебиеті пәні осы жерде оқытылады. Жасалған жағдайға қонақтар оң баға берді.
БАЛДЫРҒАН ІЛИЯСОВ, “Баларман” ЖШС директоры:
— Негізінен, осы жоғары колледжде Мағжан атамызға арналған оқу кабинетінің ашылуы – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Балалар Мағжанның “Мен жастарға сенемін” өсиетімен жақсы тәлім-тәрбие алады деген ойдамын.
Ақынның атындағы кабинетке жастар қуанышты. Олар Мағжанды бойтұмар көреді. Қайраткер артқан сенімді ақтау үшін білім алуға, еңбек етуге әзір.
АНЕЛЬ АЙТПЕК, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
— Біздің колледжімізде Мағжан Жұмабаев атындағы кабинеттің болуы өте маңызды. Өйткені, тек білім сапасын жақсартып қоймай, балаларға Мағжан мұрасын және қазақтың құндылықтарын үйретуге, бойға сіңіруге көмектеседі. Біз осы колледжде білім алып жатқанымызды мақтан тұтамыз. Осы кабинеттің ашылуы өте тағылымды іс-шаралардың бірі дер едім.
Мағжанның колледжінде Мағжан атындағы кабинеттің болуы – қайраткерге тағы бір құрмет. Студенттер осындай қасиетті жерде ғылыми жобалармен де, жұмыстармен де айналысады.