БалаларБілім

Балаларды табиғатты аялауға баулу

Былтыр ғана қолданысқа берілген Береке ықшам ауданындағы №29-шы мектепте қазіргі күні 870-тен астам бала оқиды. Биыл білім ұясынан тұңғыш түлектер түлеп ұшты. Оқу жылының аяқталғанына қарамастан мектеп аумағында балалар жүр. Бірақ бұл жолы ұл-қыздардың қолында қалам мен дәптер емес, тырма мен суқұйғыш.

ГҮЛДЕН АҚМАҒАНБЕТОВА, №29 орта мектебі жанындағы “Жасыл кеудеше” үйірмесінің жетекшісі:

— Ақпан айынан бастап біз мектебімізге гүл көшеттерін отырғыздық. Бүгінгі таңда көріп отырғандарыңыздай, мектеп алды көгалданып, әдемі болып отыр. Мамыр айынан бастап әр жұма сайын балалар келіп, гүлдерге су құяды.

Игі іске 5-ші және 10-шы сынып аралығындағы 400-ге жуық бала қатысады. Яғни, арнайы кесте бар. Әрбір аумаққа сыныптар белгіленген. Бірақ ұстаздар балаларды әдейілеп шақырмайтын көрінеді, мектепке гүлдерді суаруға, оның айналасын қоқыстан тазалап, арамшөбін жұлуға ұл-қыздар өз еркімен келеді.

ГҮЛДЕН АҚМАҒАНБЕТОВА, №29 орта мектебі жанындағы “Жасыл кеудеше” үйірмесінің жетекшісі:

— Мұндағы негізгі мақсат – балаларды табиғатты аялауға үйрету әрі еңбекқорлыққа баулу. Біз қыркүйекке дейін арнайы кесте бекітіп қойдық. Келіп көмектескен оқушыларға рахмет.

Мектеп ұжымының жүргізіп жатқан бұл игі бастамасы республикалық “Таза Қазақстан” акциясының мақсатымен тұспа тұс келеді. Яғни, білім ордасында ұл-қыздардың қоршаған ортаны аялап, оған қамқорлықпен қарауына барлық жағдай жасалған. Ол үшін арнайы үйрмелерде жұмыс істейді.

АННА ПАВЛЕНКО, мектеп оқушысы:

— Мен мұнда өзімнің қалауыммен келіп отырмын. Мектеп айналасының әдемі болғанын қалаймын. Бүгін сағат 9-да келіп гүлдерге су құйдым, арап шөп жұлдым. Биыл 8-ші сыныпты тәмамдадым. Мектеп қабырғасында түрлі үйірмелер, еңбек сабақтары бар. Экологиялық акциялар да жиі өтеді. Бұдан бөлек ландшафтық дизайн бойынша да білім аламыз.

Айта кетейік, 29-шы мектептегі игі іс-шара қыркүйек айына дейін жалғасатын болады. Осы уақытқа дейін мектеп оқушылары, ұстаздар мен бірге білім ордасының аумағын күтіп ұстайтын болады. Бұл өз кезегінде ұл-қыздардың арасында экологиялық мәдениеттің қалыптасуына әсер етеді.

Ұлан Ыдырыс