Құқық қорғау органдары

Автобус жүргізушісі жазаға тартылды

Солтүстік Қазақстан облысында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Оның барысында заңсыз қайта жабдықталған рейстік автобус анықталды. Көлік ішінде жолаушыларға арналған орындықтардың орнында жатын орындар болған. Тәртіп сақшылары тиісті рұқсатсыз жылжымалы мүлікті қайта жабдықтауға болмайтынын, оның адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

— Аталған дерек «Жезқазған-Петропавл» автожолында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде тіркелді. Іс-шара 5 күнге жалғасты. Осы уақыт ішінде полицейлер көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтаудың 6 фактісін анықтады, оның ішінде 2 жағдай автобус жүргізушілеріне қатысты болды. Сондай-ақ, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын басқарғаны үшін 35 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, олардың 8-і – автобус жүргізушілері.

Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 187 түрлі фактісі де анықталды. Жүргізіліп жатқан тексерулердің негізгі мақсаты – апаттардың алдын алу және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Байболат Құлтанов