Өңірге жұмыс сапарымен “Ардагерлер ұйымы” орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов келді. Ол солтүстікқазақстандық алдыңғы буын өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында қаузалған мәселе – жастардың идеологиялық жене адамгершілік тәрбиесін жетілдіру. Осы мақсатта орталық кеңес «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар” атты жоба дайындапты. Құрметті қонақ осыған егжейлі-тегжейлі тоқталды.
ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВ, “Ардагерлер ұйымы” РҚБ орталық кеңесінің төрағасы:
— Біз бұл арнайы жобаны орталық аппаратта ұзақ әзірледік. Оны барлық облыстарға жібердік. Қазіргі таңда зор қолдауға ие болды. Жобаның басты 7 бағыты бар. Олардың басым бөлігі жастар тәрбиесі, отбасылық құндылықтар мен ұлттық дәстүрге негізделген. Біз осы принциптерді ұстана отырып еліміздің дамуына елеулі үлес қосамыз.
«Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар” атты жоба жергілікті қауымның көңілінен шықты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бұл бастама солтүстікқазақстандық ұйымдардың мақсат-міндеттерімен сәйкес келетінін атап өтті. Мамыр айында Астанада республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кезекті XI съезі ұйымдастырылғаны мәлім. Бүгінгі басқосуда осы туралы да айтылды. Қатысушылар алқалы жиын шешімдерін іске асыруға дайын екендерін тілге тиек етті.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:
— Негізінен бұл осыған дейін Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған “Әділетті Қазақстан” және “Адал азамат” бағдарламаларымен үндес.
Қазақстан 2,5 млн ардагер бар. Көпті көрген, айтар ақыл-кеңесі мол қарттар – асыл қазына. Аға буын өкілдері жастармен жұмыс істеуге әрдайым дайын. Олар маңызды бағытта атқарылған әрбір іс “жас талға” құйылған нәр деп біледі.
Ұлан Ыдырыс