СҚО әкімдігі

Петропавлдықтар өздерін бір сәт мемлекеттік қызметші сезінді

Петропавлда “Мамандықта өзіңді сынап көр” кәсіптік бағдар беру акциясы өтті. Шара 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай ұйымдастырылды. Оның аясында еріктілер тұрғындарға арнап ерекше интерактивті тапсырмалар ұсынды.

БИБІГҮЛ СҰЛТАНОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

— Іс-шараның басты мақсаты – жастарға мемлекеттік қызметтің маңызын түсіндіру. Мемлекеттік қызметші – халықпен тікелей жұмыс істейтін, қоғамға қызмет ететін маман. Сондықтан, бұл салада адалдық, әділдік, кәсібилік аса қажет.

Шараға қатысқан жандар өздерін бір сәт мемлекеттік қызметші сезінді. Тұрғындар азаматтарды қабылдау, бюджетті дұрыс бөлу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету сияқты тапсырмаларды орындады. Осы арқылы қатысушылар мемлекеттік қызметтің қарапайым жұмыс қана емес, қоғам алдындағы зор жауапкершілік екенін түсінді.

ТАЛҒАТ МӘДЕЕВ, қала тұрғыны:

— Шара көңілімнен шықты. Мемлекеттік қызметші әрдайым талмай еңбек ету қажет. Адал қызмет етіп, дұрыс шешім қабылдағаны абзал. Тұрғындар да өз тарапынан оларға қолдау көрсетуі керек.

“Мамандықта өзіңді сынап көр” кәсіптік бағдар беру акциясына 30-дан астам адам қатысты. Тапсырмаларды дұрыс орындағандарға тәтті сыйлықтар табысталды.

Нұрасыл Ахмет