Петропавлда облыстық мәслихаттың XXXVII-сессиясының отырысы өтті. Күн тәртібіне 7 мәселе шығарылды. Алғаш қаузалған түйткіл – 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту. Мінберге аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев шықты. Оның сөзінше, былтыр қазынаға 3 трлн теңге кіріс кірген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8 пайызға көп. Қанат Малғаждарұлы жиын барысында әр салаға бөлінген қаржыға жеке-жеке тоқталды.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— 2025 жылы әлеуметтік бағдарламаларға 3 млрд 800 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 4 мың жерлесіміз жұмыспен қамтылды. Былтыр денсаулық сақтау саласына 14 млрд 500 млн теңге жұмсалды. Бұл қаржыға медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңарып, 28 нысан күрделі жөндеу көрді. Ал облыстың мәдениет саласына 8 млрд 300 млн теңге бағытталып, саланың дамуына едәуір серпін берді.
Облыстық бюджеттің 30 пайызы білім беру саласына жұмсалады. Бұл – 162 млрд теңге. Қанат Малғаждарұлының сөзінше, аталған бағыттарға бөлінген қаржы толығымен игерілген. Жиын барысында бірнеше олқылықтың беті ашылды. Жергілікті бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын қадағалайтын тексеру комиссиясы былтыр 60-тан мекемеге тексеріс жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде бірнеше бұзушылық анықталыпты.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚОЖАЕВ, СҚО тексеру комиссиясының төрағасы:
— Көп жағдайда облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар мен мекемелер қаржыны дұрыс жоспарламаған. Тиісті жеріне жетпеу фактілері де кездесті.
Нәтижесінде бұзушылықтарға жол берген 44 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тағы 117 қызметкерге 20 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Қайрат Сейітқожаевтің сөзінше, облыстың құрылыс саласында біршама олқылық анықтылыпты.
ҚАЙРАТ СЕЙІТҚОЖАЕВ, СҚО тексеру комиссиясының төрағасы:
— Былтыр Петропавл қаласы мен 7 ауданның құрылыс бөліміне тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде 6 млрд 800 млн теңге бюджет қаражатының дұрыс игерілмегені анықталды.
Қазіргі таңда дұрыс игерілмеген бюджет қаржысы қазынаға қайтарылуда. Мәселені жіті зерттеген халық қалаулылары 2025 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті бекіту жобасын бірауыздан қолдады. Онда барлық қажеттіліктер ескерілгендігін тілге тиек етті.
Нұрасыл Ахмет