Құқық қорғау органдары

Интернет-алаяқтықтың алдын алу: Мамандар түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр

Заман дамыған сайын алаяқтардың да айла-шарғысы өзгереді. Ал қоғамда орнаған құқықтық және цифрлық сауатсыздықтың салдарынан бұл тақырып әлі де күн тәртібінен түспеуде дейді мамандар. Осы ретте тәртіп сақшылары “Мұнаймаш” акционерлік қоғамының қызметкерлерімен жүздесті.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ:

— Мы на постоянной основе проводим профилактические мероприятия с населением. Многие критично к этому относятся. Говорят: “Да, мы все знаем. Зачем нам повторно рассказывать?”. Но как показывает практика, те люди кто “все знает” так же не застрахованы от мошенников.

Интернет-алаяқтар жыл басынан бері өңір тұрғындарын миллиондаған теңгеге шығынға батырған. Жиында тәртіп сақшылары әлеуметтік желідегі пысықайлардың айла-тәсілдерін түсіндіріп, олармен күресудің жолдарын баяндады.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

— Алаяқтар сіздерді банк немесе полиция қызметкерімін деп алдауы мүмкін. Олар тіпті бейнебайланысқа шығуы да ғажап емес. Бірақ олардың үстінде форма бар, артында Ту мен Елтаңба тұр деп сене берудің қажеті жоқ. Себебі, жасанды интеллектінің дамыған заманында алаяқтар кез келген адамның түр-сипатын жасай алады. Ең бастысы, қуларға жеке деректеріңізді бермеулеріңіз қажет.

Қазіргі таңда қулардың басты құралы – түрлі мессенджерлер.
Олар адамның аккаунтын бұзып, оның атынан ақша жинау мақсатында жалған хабарландыру жолдауы мүмкін. Тіпті, 1414 бірыңғай байланыс желісін де жамылған жағдайлар аз емес. Сенгіш адамды сілкіндіретін тәсіл – түсіндіру жұмысы дейді мамандар. Қауіпсіздік туралы қайта-қайта қаперге салса, аңғал деген адамның өзі алаяқтың алдында шағылмас жаңғаққа айналады.

ЕВГЕНИЙ ИВАНОВ, “Мұнаймаш” АҚ жұмысшысы:

— Жасыратыны жоқ, біз секілді орта жастағы адамдар, аға буын өкілдері сенгіш келеді. Осы орайда мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Сенімді жандарға сұрағыңды қойып, тұшымды жауап аласың, алаяқтардың күн сайын өзгеретін айласын білесің.

Мамандардан кеңес: бөгде біреумен әңгіме қысқа болуы қажет, ол сұраған құпия-кодты айтпау керек.

Жаннұр Бектұрғанова