Петропавл қалалық полиция басқармасының криминалисі Дариға Байтеңізова – ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі. Оның бойындағы дарынды, көзіндегі отты оқытушылар бірден байқаған. Сөйтіп білікті мамандар криминалистикалық зерттеулердің барлық түрін үйретіпті. Солардың ішінде ең жиі қолданылатын – дактилоскопиялық зерттеу. Ақпан айында мешіттің киімжайынан 30 мың теңгеден аса ақша ұрланды. Оқиға орнынан алынған дәлелдердің арасынан Дариға Ақмола облысында ІІМ деректер базасына енгізілген қыздың саусақ іздерін анықтады. Соның көмегімен полицейлер күдіктіні қысқа мерзімде ұстады.
ДАРИҒА БАЙТЕҢІЗОВА, Петропавл қалалық ПБ криминалисі:
— Оқиға орнында әрбір жайт маңызды. Саусақ іздері, басқа да іздер мен заттай дәлелдемелердің барлығын назарға алу керек. Қылмысты зерттеу барысында дәл осындай ұсақ-түйектердің маңыздылығы аса зор. Егер барлығын жинап, ой елегінен өткізсек, нәтижеге жетуге болады.
Криминалист аптасына бір-екі рет жедел-тергеу тобының құрамында тәуліктік кезекшілікке түседі. Түн ішінде мәйіттен саусақ іздерін алады, ішімдік ішкен адамның жанжал кезінде қолданған пышағын айғақ ретінде тәркілейді. Жұмыс көп әрі аса маңызды. Дегенмен, ол анасына хабарласуға әрдайым уақыт табады.
Криминалистердің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда, дәл осы жұмыс қылмысты ашуға бастайтын алғашқы қадамдардың бірі болып саналады. Полиция лейтенанты Дариға Байтеңізова бұл қызметті мақтан тұтады.
Байболат Құлтанов