Мәдениет

“Ботай. Ғайып ғалам” туындысын таспалау жұмыстары тарихи орында жалғасады

Петропавлда шытырман оқиғаға толы жаңа кинотуындының түсірілім жұмыстары әлі де жүріп жатыр. “Ботай. Ғайып ғалам” – көпшілік асыға күтіп отырған фильм. Редактор-сценарист Еркебұлан Әлімжановтың айтуынша, бүгінде таспалау ісі 70-80 пайызға аяқталды.

ЕРКЕБҰЛАН ӘЛІМЖАНОВ, “Ботай. Ғайып ғалам” фильмінің редактор-сценарисі:

— Қазіргі сахна – оқиғаның шарықтау шегінің, кульминациясының бірі. Мұнда Әлімжанов текті полковник және басты кейіпкерді сомдайтын Олжас есімді жігіттің арасында сұхбат болады. Қандай сұхбат болатынын мен жасырын түрде қалдырайын. Көрермендеріміз кейін өздері көре жатар.

Фильмге танымал актерлер де түсуде. Солардың бірі – Алмат Сақатов. Талантымен талай адамды тәнті еткен өнер иесі ұсыныс түскенде қуана келісіпті.

АЛМАТ САҚАТОВ, актер:

— Мен бұрын да жаттықтырушының рөлін сомдадым. Футбол және бокс бапкері болдым. Қазір жауынгерлік самбомен шұғылданатын балалардың бапкері рөлін ойнаймын. Әр жаттықтырушы өзінің қолынан мықты спортшы шықса деп армандайды. Ол үшін тәртіп пен дисциплина керек. Менің образым сондай.

Таспалау жұмыстарының аяқталуына аз уақыт қалды. Түсірілім жұмыстары шілде айының ортасында аяқталады. Ал фильм келесі жылы жаз айында көрерменге жол тартады.