Балалар

Балаларға судағы қауіпсіздік туралы түсіндірілді

Теріскейде екі апта қатарынан аптап ыстық тұр. Қазір өңірдегі көптің көңілінен шыққан айдын көлдердің жағасында ине шаншар жер жоқ. Петропавл түбіндегі Пестрое маңы да демалушыға толы. Демалыс соңы өкінішке айналмас үшін тынығып жүріп балаларды назардан шығарып алмау керек. Осы орайда солтүстікқазақстандық құтқарушылар көл жағалауында республикалық акция аясында профилактикалық шара өткізді.

МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТЖД ресми өкілі:

— Біз бұл жерді кездейсоқ таңдаған жоқпыз, себебі мұнда балалар мен ересектер жиі келеді. Іс-шараның мақсаты – демалушыларға судағы қауіпсіздік шараларын еске салу. Тиісті ережені сақтаған жағдайда демалыс та қауіпсіз өтеді. Бастысы, балаларды жіті бақылауда ұстау қажет.

Бір профилактикалық шараның өзі түрлі кезеңнен құралған. Мұнда судағы қауіпсіздік туралы сайыс ұйымдастырылды, ойын өткізілді. Балалар арнайы әзірленген сұрақтарға жауап беріп жарысты, құтқару кезінде қолданылатын жүзу құралдары мен дронды тамашалады. Сондай-ақ, кинолог пен қызметтік итпен танысты.

ИСАТАЙ ҚАЙЫРКЕЛДІ:

— Маған қауіптен қорғайтын барлық жабдықтар, құрылғылар, қызықты ойындар, әсіресе қызметтік итпен байланыста болған ұнады. Бұл іс-шарада, ата-анасыз, жалғыз суға түсіп, терең жаққа жүзуге болмайтынын түсіндім.

Шарада айтылған ақпар көп. Ұйымдастырушылардың айтуынша осындай жеңіл ұсынылған терең білімді балалар тез түйсінеді. Еске сала кетейік, өңірде 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан астам көл бар екен. 61 ғана орын талапқа сай жабдықталған. Рұқсат етілмеген жерде шомылған адамға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Маусым ауында Ақжар ауданында белгіленбеген жерде суға түскен 62-ші жылғы азамат батып кетті. Оқиға Ленинградское ауылынан 5 шақырым жердегі Шат өзенінде болған. Сондай-ақ, ТЖД мамандары судан биыл 5 адамды құтқарған. Оның барлығы – ересектер.