СҚО әкімдігі

“Ардагерлер ұйымы” орталық кеңесінің төрағасы Вагулин ауылдық округінің ардагерлерімен кездесті

Облысқа жұмыс сапарымен келген “Ардагерлер ұйымы” орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов Қызылжар ауданындағы Вагулин ауылдық округінде болып, ардагерлер кеңесінің жұмысымен танысты. Онда келген мейманға атқарылған жұмыстар мен болашақта жүзеге асырылатын жоспар баяндалды.

ВАЛЕНТИНА ЯКОВЛЕВА, Вагулин ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы, Қызылжар ауданы:

— Ауылдық округ ардагерлері қоғам өміріне белсенді араласады. Саналы ұрпақ тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыс атқардық. Жыл басынан жасөспірімдерге арналған 10-нан астам тағылымдық шара өткіздік. Талантты қарияларымыз жетерлік. Ауыл тұрғындарына арнап жиі концерт қоямыз. Елдімекендерде өтетін тазалық шараларынан қалмаймыз.

Вагулин ауылдық округінде 1200-ден астам адам тұрады. Оның 25 пайызы – ардагерлер. Шара барысында қатысушыларға ардагерлер ұйымының қолдауымен жүзеге асып жатқан “Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар” жобасы таныстырылды. Игі бастаманың басты мақсаты – жас ұрпаққа қазақтың ұмытылып жатқан салт-дәстүрлерін насихаттау. Сонымен қатар, ата-бабаларымыз қалдырып кеткен мұралар арқылы ұл-қыздарды тәрбиелеу. Тағылымы мол жиынды қорытындылаған төраға ауылдық округ ардагерлерінің жұмысын жоғары бағалады.

ӘБІЛҒАЗЫ ҚҰСАЙЫНОВ, “Ардагерлер ұйымы” РҚБ орталық кеңесінің төрағасы:

— Мемлекет басшысы сапалы ұрпақ тәрбиелеу бағытына ерекше көңіл бөледі. Бұл бағытта ауылдық округ ардагерлері ауқымды жұмыс атқарыпты. Көңілден шықты. Әріптестеріме алғысым шексіз!

Айта кету керек, шараға 50-ге жуық адам қатысты. Жиын соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда ауылдық округтің белсенді қариялары өнер көрсетті.

Нұрасыл Ахмет