Кеше жергілікті “Қызылжар” футбол клубы ел чемпионатының 14-туры аясында өз алаңында алматылық “Қайратты” қабылдады. Қарсылас – былтырғы ел чемпиондары, әлемдік аренада ел намысын қорғаған клуб. Ойын басталысымен қонақтар бірден шабуылға лап қойды. Өкінішке қарай, теріскейлік теңбіл доп шеберлері фаворит командаға тойтарыс бере алмай, қақпаға 2 гол өткізіп алды. Бірақ, қырандар мұнымен мойыған жоқ. Тез арада жиналып, 2 голмен жауап қатты. Гол авторлары – камерундық Стефан Бахокен мен кот-дивуарлық шабуылшы Этьен Бугре.
Екінші тайм да өте жоғары деңгейде өтті. Алаңның әр бұрышында допқа талас жүргізілді. Өткір шабуылдар мен әдемі комбинациялар матчтың көркін қыздырды. 78-ші минутта қонақтар есепте алға шықты. Қырандар қанша тырысқанымен гол соғу мүмкін болмады. Матчтың соңында алаң иелерінің қателігін пайдаланған қонақтар есепті еселеді. Ойын 2 де 4 есебімен “Қайраттың” пайдасына шешілді.
МИЛИЧ ЧУРЧИЧ, “Қызылжар” ФК бас бапкері:
— “Алматыда “Қайраттан” ойсырай ұтылғаннан кейін бүгінгі ойынға жақсы дайындалдық. Әр ойыншыны жіті зерттедік. Жеңіске жетуімізге мүмкіндігіміз жоғары болды. Өзіміз көп қателістік. Салдарынан жеңіліс таптық. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Алдағы матчтарда жеңіске жетеміз деп сенемін.
“Қызылжар” футбол клубы турнирлік кестеде 15 ұпаймен 11-ші орында тұр. 15 матчта 4 рет қана жеңіске жеткен. Жергілікті теңбіл доп шеберлері келесі ойынын 27-ші маусым күні сырт алаңда семейлік “Елімайға” қарсы өткізеді.
Нұрасыл Ахмет