Өңірде 2 басқармаға және 1 департаментке басшы тағайындалды. Енді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментін 1991 жылы туған Қарағанды өңірінің тумасы басқарады.
ЖАНАТ ЭЛИМАНОВ, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы:
— Солтүстік Қазақстан облысына подполковник Нұрәби Рашидұлы Төлеутай тағайындалды. Прокуратура органдарында және экономикалық тергеп-тексеру қызметінде жұмыс тәжірибесі бар. Бұған дейін Ақмола және Қарағанды облыстары бойынша департаменттерді басқарды.
Ал Қосым Аңсатбаев Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Атқамінер 1981 жылы туған, Түркіменстан Республикасының тумасы. Қазақ гуманитарлық заң университетін, «Болашақ»университетін және «Халық шаруашылығы» университетін бірнеше мамандық бойынша тәмамдаған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қызылорда облысының қалалық құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Астана қаласындағы Нормалау және құрылыс орталығының директоры, Ақпараттық модельдеу орталығы директорының орынбасары болды. Осы тағайындауға дейін жеке компанияда техникалық экономикалық негіздеме және сараптама жөніндегі үйлестіруші болып қызмет етті.
Сонымен қатар, енді Мафруза Науанова Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын басқарады. Ол еңбек жолын Айыртау ауданының Володар орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Мафруза Тасболатқызы 1975 жылы дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын және Көкшетау экономика және менеджмент институтын «Математика және информатика», «Экономика» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Осы тағайындауға дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Жаңа басшыларды таныстыруға арналған облыс активінің отырысы соңында Ғауез Нұрмұхамбетов атқамінерлерге сәттілік тіледі.
Байболат Құлтанов