Облысқа жұмыс сапарымен Польша Республикасының ресми делегациясы келді. Меймандарды Сенат Маршалы Малгожата Кидава-Блоньска бастап келген. Шығысеуропалықтар өңірімізге тегіннен тегін ат басын бұрған жоқ. Биыл поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толып отыр. Келген меймандар ең алдымен Тайынша ауданындағы Озерное ауылына аялдады. Ондағы ғибадатханаға барып, елдімекен тұрғындарымен бірге құлшылық етті. Озерное ауылында 200-ге жуық адам тұрады. Оның 60 пайызы – поляктар. Бұл күні ауылдағы аталған ұлт өкілдерінің барлығы ғибадатханаға келді.
ТОМАШ БАРТЧАК, ғибадатхана қызметкері, Тайынша ауданы:
— Озерное ауылының 90 жылдық тарихы бар. Елдімекен поляктар Қазақстанға жер аударылған кезде құрылған. Ал біз тұрған ғибадатхана 1991 жылы ашылды. Құлшылық орны тұрғындардың бастамасымен салынды. Мұнда ауыл тұрғындарымен қатар, еліміздің түкпір-түкпірінен католиктер келеді.
Кейін поляктардың елімізге жер аударылғанына 90 жыл толуына орай іс-шара өтті. Жиында тарихтан сыр шертетін құнды деректер мен мәңгі есте сақталатын оқиғалар жайлы айтылды. Шара барысында сөз сөйлеген Малгожата Кидава-Блоньска қиын кезеңде бауырластарынан көмегін аямаған қазақ халқына алғысын білдірді.
МАЛГОЖАТА КИДАВА БЛОНЬСКА, Польша Республикасы Сенатының Маршалы:
— Қазақтар қиын кезде халқымызды бауырына басты. Өздерінің жағдайы мәз болмаса да соңғы нанымен бөлісті. Қазіргі таңда этникалық поляктарға бар жағдайды жасауда. Ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса берсін!
Бүгінде Озерное ауылында елімізге жер аударылған поляктардың ұрпақтары тұрады. Олар болған оқиғалардан хабардар. Қазақ халқының ата-бабаларына жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпайды.
ВАЛЕНТИНА ВЕТКОВСКАЯ, Озерное ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:
— Мен – ауылдастарым сияқты бақытты адаммын. Бар өмірімді Қазақстанда өткізгеніме еш өкінбеймін. Қазақтарды өзімнің бауырым секілді көремін. Өзімді қазақстандықпын деп санаймын. Сіздерге алғысым шексіз!
Тағылымы мол жиын барысында 36-шы жылғы поляк депортациясы тарихын зерттеген ғалымдарға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, отандастарымыздың қилы кезеңде көрсеткен қолдауына ризашылық ретінде “Қазақ халқына алғыс” естелік белгісі салтанатты түрде ашылды. Кейін ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Содан соң келген меймандар ғибадатхананың маңындағы құнды жәдігерлермен танысты. 36-шы жылы поляктар тұрған баспаналарды көрді. Ата-баба рухына тағзым етілді. Келген меймандарға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы таныстырылды. Сонымен қатар, теріскейлік тауар өндірушілердің өнімдері көрсетілді. Бұл күні ұлттық спортымыз да ұлықталды. Жалынды жастар қазақ күресі, садақ ату мен бесасықтан сынға түсті.
Кейін Польша Республикасының ресми делегациясы Тайынша қаласына ат басын бұрды. Мұнда меймандар “1936 жылы жер аударылған поляктарға көмек көрсеткен Қазақстан халқына алғыс” мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойды. Айта кету керек, Тайынша ауданында 7 мыңнан астам поляк тұрады.
Нұрасыл Ахмет