Жүзден жүйрік атанған жалынды жастар! Облыс орталығында “Алтын белгі” иегерлерін ұлықтау салтанаты өтті. Биыл аққайыңдар өлкесінде бұл марапатқа 175 түлек қол жеткізді. Салтанаты шара ата-аналарының, ұстаздарының сенімін ақтаған түлектердің шеруімен басталды. Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Жастардың арасында талантты әншілер де бар. Олар сахнада ән шырқап, кештің көркін қыздырды. Полина Вернер – бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейінің түлегі. Мектеп қабырғасында оның күнделігі кілең бестіктен тұрған. Ал бүгін аталған сан аттестатынан табылады.
ПОЛИНА ВЕРНЕР, “Алтын белгі” иегері, Петропавл қаласы:
— Осындай жетістікке қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Өмірімнің 11 жылға созылған кезеңі осымен аяқталып отыр. Өкініш те, қуаныш та бар. Алда бағындыратын әлі талай белес барына сенемін. Осы уақытқа дейін мені қолдап, сенім артқан жақындарыма алғысым шексіз. Бәріне алғыс айтамын.
Адина Ермекованың да төбесі көкке екі елі жетпей тұр. Ол Уәлиханов ауданының орталығы саналатын Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектепті үздік тәмамдады. Енді Ыбырай Алтынсариннің сара жолын жалғасам дейді.
АДИНА ЕРМЕКОВА, “Алтын белгі” иегері, Уәлиханов ауданы:
— Осындай жетістікке, “Алтын белгіге” жеткізген ата-анама және ұстаздарыма бас иіп, алғыс айтамын”, “Кішкене қобалжуым бар. Бірақ барлығы өзім секілді балалар, көңіл-күйім жақсы”, Болашақта ұстаз болғым келеді. Сол үшін қолымнан келетіннің бәрін жасап жатырмын.
Түлектерге марапатты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстап, өмірлеріндегі ерекше жайтпен құттықтады, ақ жол тіледі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Құрметті түлектер! Бүгін сіздер үшін жаңа өмірдің есігі ашылып отыр, мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие алдағы үлкен жолда шамшырақ болсын! Сіздер үлкен тұлға болады деп сенемін. Ақ жол, қымбатты түлектер!
Салтанатты шара үздік түлектердің вальсімен қорытындыланды.
Жаннұр Бектұрғанова