Өңірде туризмді дамыту бүгінде тек демалушылар ағынын көбейту ретінде қарастырылмайды. Негізгі басымдық – қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және туристік аумақтардың инвестициялық тартымдылығын күшейту.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Екі жыл ішінде Имантау-Шалқар аймағында 21 шақырым жол жөнделді. Ұзындығы 5 шақырым 200 метр болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, нысандар интернетке қосылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің екі құтқару бекеті орнатылып, туристік полиция қызметі ашылды.
Сонымен қатар, Шалқар және Имантау көлдері маңында туристік полицияның екі заманауи модульдік бекетін орнату жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын тағы төрт автомобиль жолын жөндеу көзделген. 2025 жылдың маусым айынан бүгінге дейін курорттық аймақтағы демалыс базаларына 15 тексеру жүргізілді.
ДАРХАН ӘМРИН – СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
— Жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – туристік нысандардағы демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету. Осы мақсатта барлық аудан әкімдіктері мен орналастыру орындарына «Жағажайларды абаттандыру» ұлттық стандарты жеткізілді. Онда демалыс базаларының жағажай аумақтарын жабдықтауға қойылатын талаптар көрсетілген. Атап айтқанда, судағы құтқару бекеттерін, құтқару ілмектерін, құтқару шеңберлерін, медициналық пункттерді, қалқымалы белгілерді, балалар жағажайларын және басқа да қажетті нысандарды орнату талаптары белгіленген.
Туризм саласын дамыту ауқымды инвестициялық жобалармен қатар жүруде. Қазіргі таңда Имантау-Шалқар курорттық аймағында жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын 15 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жыл бойы жұмыс істейтін эко-қонақүйлер мен глэмпингтердің құрылысы бар. Жобаларды жүзеге асыру 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Маңызды бастамалардың бірі – Шалқар көлінің жағасында салынатын Discovery Borovoe компаниясының эко-қонақүйі. Инвестиция көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрайды.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ – Айыртау ауданының әкімі:
— Сіздің биылғы 6 мамырдағы тапсырмаңызға сәйкес, мамырдың 13-і мен 15-і аралығында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, Шалқар мен Имантау көлдерінің жағалауында орналасқан демалыс базаларына қайта бардық. Негізгі мақсат – әр нысан бойынша 2026-2027 жылдарға арналған жол карталарын әзірлеу болды. Бүгінде бұл жол картасы дайындалып, демалыс аймақтарының басшыларымен, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен және «Көкшетау» ұлттық паркінің бас директорымен келісілді.
Жиында демалыс базаларының қазіргі жағдайы мен оларды жаңғырту жоспарлары да қаралды. Өз жобаларын кәсіпкерлер де таныстырды. Солардың бірі – «Родники» демалыс базасының басшысы Дина Нұрмұқанова.
ДИНА НҰРМҰҚАНОВА – «Родники» демалыс базасының басшысы, Айыртау ауданы:
— Пайдалануға берілген уақыттан бері негізгі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Витражды терезелер заманауи пластикалық құрылымдарға ауыстырылды. Нөмірлік қор кеңейтіліп, бұрынғы 20 бөлмеге қосымша тағы 4 жайлы бөлме жабдықталды. Жиһаздар, тұрмыстық техника алмастырылды. Электрмен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, 20 бейнебақылау камерасы орнатылды, құтқару құралдарының болуы қамтамасыз етілді. Жағажай тазартылып, заманауи пирс пен 30 жағажайлық шезлонг қойылды. Қазіргі уақытта санитарлық блоктың құрылысы аяқталу кезеңінде. Болашақта демалыс базасын жыл бойы жұмыс істейтін режимге көшіруді жоспарлап отырмыз.
Өңір басшысы «Сокол» балалар лагерін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандар балаларға арналған заманауи демалыстың қандай болуы керектігін көрсетеді – жайлы, қауіпсіз әрі жарқын әсерге толы. Сондықтан, өңірде осындай үлгілі жобалардың саны арта түсуі тиіс екенін айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Аудан әкімдіктері мен Петропавл қаласының әкімдігіне елді мекендердегі барлық жағажай аумақтарын ұлттық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізіп, жағажайлардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Айыртау ауданының әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, демалыс базаларын жаңғырту жөніндегі жол карталарының орындалуын қамтамасыз етіп, тоқсан сайын ақпарат ұсынып отыруы қажет. Сонымен қатар, қаржы басқармасымен, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірге Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы жолдарды жөндеуге қаржы бөлу мәселесін қарастыру керек.
Сондай-ақ, туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында барлық демалыс орындары мен қоғамдық кеңістіктерде бейнебақылау жүйелерін орнатуды қамтамасыз ету тапсырылды.