Қоғам

Петропавлда бухгалтерлер мен кәсіпкерлерге арналған семинар өтті

Петропавлдағы “MyBuh.kz” интернет-бухгалтериясының мамандары Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановпен бірлесіп салық төлеушілерге арнап семинар өткізді. “Халық бухгалтері-2026: бизнес пен МКК ашық диалогта” атты іс-шараға 300-ге жуық бухгалтер мен кәсіпкер қатысты. Ашық алаң арқылы іскер жандар мен есеп-қисап мамандары көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.

АЛЕКСЕЙ ПОПАДЧЕНКО, “MyBuh.kz” интернет-бухгалтериясының директоры, Алматы қаласы:

— Іс-шара кәсіпкерлердің салықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, семинар барысында салық заңнамасындағы өзгерістерді кеңінен түсіндіретін боламыз. Іскер жандардың, бухгалтерлердің сұрақтарына СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жауап береді. Жалпы, “MyBuh.kz” интернет-бухгалтериясы 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі күні аталмыш платформаны 40 мыңға жуық кәсіпкер қолданады.

Семинарда төрт спикер сөз сөйледі. Олардың қатарында Айнұр Ғаббасова да бар. Нәзікжанды 10 жыл бойы бухгалтер болып жұмыс істеген. Оның баяндамасы салықтық есептілікті дұрыс толтыру жайында.

АЙНҰР ҒАББАСОВА, салық жөніндегі кеңесші, Астана қаласы:

— Жаңа салық кодексінің қолданысқа енгеніне жарты жыл болды. Әлі күнге дейін кәсіпкерлер мен бухгалтерлердің жаңа ережелерге қатысты сұрақтары көп. Әсіресе салықтық есептілікті дұрыс толтыру мәселесі өзекті. Осы ретте мен өзімінң жеке тәжірибеммен бөлістім. Яғни, декларацияның 300-ші нысанын қатесіз толтыру барысын баяндадым.

Айта кетейік, аталмыш семинар арнайы тур аясында өткізілді. Петропавлдан кейін ұйымдастырушылар Ақтөбе, Атырау, Шымкент қалаларына аттанады.

Ұлан Ыдырыс