Маусымның үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні! Айтулы датаға орай Ақан сері атындағы облыстық филармонияда мерекелік шара өтті. Кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, медбике мен зертхана зерттеушісі. Бұл күні қарашаңырақтың үлкен залы қоғамдағы аса жауапты саланың жүгін арқалаған мамандарға толды. Жиналған дүйім жұртты облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, дәрігерлердің қоғамдағы рөліне тоқталды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
—Медицина саласындағы қызметтің қиындығы мен жауапкершілігі кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан да бұл кәсіпті жігері мықты, ниеті таза, жүрегі мейірімге толы жандар ғана таңдайды. Әр құтқарылған өмір, әр сауығып кеткен науқас – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі.
Құттықтау сөзден кейін кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Ең алғаш болып облыстық онкологиялық орталық директорының орынбасары Ермек Әбдірейімов құрметке бөленді. Оған Мемлекет басшысының Жарлығымен отандық медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін “Парасат” ордені табысталды. Айта кету керек, білікті маман аталған салада жарты ғасырдан астам уақыт еңбек етіп жүр.
ЕРМЕК ӘБДІРЕЙІМОВ, СҚО онкологиялық орталығы директорының орынбасары:
— Дәрігер өзінің мамандығын сүйгенде ғана білікті маман бола алады. Жас мамандарға әрдайым ізденіңдер деп айтар едім. Заман талабына сай болу да аса маңызды.
Айтулы дата қарсаңында облысқа жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев келді. Ол теріскейлік дәрігерлерге ведомство басшысының атынан төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыстады. Жоғары марапатқа ие болғандардың арасында Аққайың аудандық ауруханасының ультрадыбыстық зерттеу дәрігері Зулайхо Сайдахметова да бар. Нәзікжанды бізге өзінің жұмысы жайлы айтып берді.
ЗУЛАЙХО САЙДАХМЕТОВА, Аққайың аудандық ауруханасының ультрадыбыстық зерттеу дәрігері:
— Біз дәрігерлерге науқасқа нақты диагноз қоюға көмектесеміз. Әрдайым ізденісте жүруге тырысамын.
Айтулы шарада барлығы 35 медицина қызметкері құрметке бөленді. Сонымен қатар, мерекелік жиын барысында өңірдегі медициналық мекемелерге облыстық әкімдік пен бейінді министрліктің атынан 16 су жаңа көліктің кілті табысталды.
Шараның соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мерекелік жиыннан кейін облыс әкімі облыстық филармонияның алдында жайылған көрмемен танысты. Мұнда өңір жетекшісіне жаңа аппараттар мен қондырғылар көрсетілді. Айта кету керек, облыстың медицина саласында 5 мың 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 1 мыңы – дәрігер. Соңғы екі жылда өңірде медициналық мекемелерді жарақтандыруға 11 млрд-тан астам қаржы бөлінді. 46 нысан қолданысқа беріліп, 28-і күрделі жөндеу көрді. Ғауез Нұрмұхамбетов шара барысында салаға әрдайым зор қолдау көрсетілетінін жеткізді.

