Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Т.Сұлтанғазиев облыс тұрғындарымен кездесті

Облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңір тұрғындарымен кездесті. Келген мейманның сөзінше, жыл сайын сала қарқынды дамып келеді. Соңғы 7 жылда елімізде 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынған. Қазіргі таңда Қазақстанда 280 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Олардың жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Бұл мақсатқа қазынадан 33 млрд теңге бөлінген.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

— Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. СҚО-да бұл көрсеткіш 74 жасты құрайды.

Сонымен қатар, ауылдық елдімекендерде еңбек ететін 530 маманға 4,5 млрд теңге бірреттік көтермеақы берілді. 32 аудандық аурухана күрделі жөндеу көрді. Былтыр ел тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктерге 9 трлн теңге жұмсалған. Баяндама аяқталғаннан кейін тұрғындар вице-министрге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя алды.

АНАСТАСИЯ ГРИГОРЬЕВА-ЯКОВЛЕВА, қала тұрғыны:

— Менің 2 мүмкіндігі шектеулі балам бар. Ем қабылдау үшін емханалар мен ауруханаларға жазылайын десек, әрдайым бос уақыт болмайды. Мекемелердің өзіне барсақ, сіз алдын ала жазылмағансыз деп қабылдамайды. Осы мәселені назарға алсаңыз. Менің ойымша, мүмкіндігі шектеулі балалар кезек күтпеуі қажет. Ерекше ұл-қыздарды қабылдайтын жеке дәрігер болса екен деймін.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

— Біз сізге міндетті түрде көмектесеміз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми өтініш қалдырыңыз. Мәселені шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылатын болады.

Кейін Тимур Сламжанұлы БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Облыстың медициналық мекемелеріне 140-қа жуық дәрігер жетіспейді. Қазіргі таңда өңір үшін білікті дәрігер ат басындай алтыннан қымбат десек қателеспейміз. Тілшілердің көбі аталған өзекті мәселені шешу жолдарын сұрады.

ТИМУР СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

— Медицинаға түскісі келетін мектеп түлектеріне 2500 грант бөлінді.  Былтыр ел бойынша 500 дәрігер 8,5 млн теңге үстемақы алды.

Тимур Сламжанұлы БАҚ өкілдерімен кездескеннен кейін облыс тұрғындарын жеке қабылдады.

Нұрасыл Ахмет