Білім

Қозыбаев университетіне құжат қабылдау науқаны басталады

Ата-аналар мен болашақ студенттердің құлағына алтын сырға! Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Қозыбаев университетіне құжат қабылдау науқаны басталады. Талапкерлер үшін білім ұясының есігі ертеңнен бастап ашық. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі:

— Талапкерлер құжаттарын eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы онлайн немесе офлайн түрде тапсыра алады. Офлайн Петропавл қаласы, Пушкин к-сі, 86Б мекенжайы бойынша қабылдаймыз.

Кейбір жастар дене шынықтыру және спорт, АӘД, музыкалық білім беру, мәдени-демалыс жұмысы, дизайн, журналистика бағыттары бойынша оқуды мақсат етіп отырғаны айдан анық. Бұлар – шығармашылық мамандықтар. Қабылдану, грант иегері атану үшін алдын ала емтихан тапсыру керек. Ал ол үшін 7 шілдеге дейін құжат тапсыру қажет.

ГҮЛМИРА ОСПАНОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау және рекрутинг кеңсесінің жетекшісі:

— Шығармашылық емтихан университет қабырғасында 7 шілде мен 13 шілде аралығында өтеді. Шығармашылық мамандықты таңдаған жастар міндетті түрде өтініш беру керек. Егер талапкер емтиханға қатыспаса, конкурсқа қатыспайды.

Жағымды жаңалықтың бірі – биыл Қозыбаев университетінде жаңа мамандықтардың ашылуы. Талапкерлер назар салса дейміз.

АЙГҮЛ НҰРПЕЙІСОВА, М. Қозыбаев атындағы СҚУ академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі:

— Биыл жаңа мамандықтар ашылады. Олар: «Менеджмент және басқару», «Маркетинг және нарықтық аналитика», «Робототехника және машина жасаудағы инновациялық технологиялар», «Стоматология» және «Медицина» бағыттары.

Ескерер тағы бір жайт, білім гранттары конкурсына құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданады. Былтыр Қозыбаев университетіне 2 жарым мың студент түскен. Талапкерлердің 1400-і мемлекет есебінен, яғни тегін оқу мүмкіндігін иеленді. Қоса кетейік, биыл Қазақстан бойынша 89 457 мемлекеттік білім гранты бөлінбек. Оның 75 мыңнан астамы бакалавриатқа тиесілі.

 

Байболат Құлтанов