Петропавлда “ҚХА Kids-2026” балалар жазғы лагерінің кезекті маусымы өз мәресіне жетті. 10 күнге жалғасқан демалысқа 8 бен 12 жас аралығындағы 15 бала қатысты. Бұлар – түрлі ұлт өкілдерінің ұл-қыздары. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қатысушылар қаламыздағы адам көп баратын орындарды аралған, түрлі үйірмелерге қатысқан.
КЕМЕЛ ОСПАНОВ, “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:
— Балалар қаламыздағы үлкен мәдени ошақтарды аралап, серуендеді. Олардың ішінде Мағжан орталығы, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені және орталық мұражайлар бар. Бұдан бөлек, шаһарымыздағы Ботаникалық саябаққа барып, түрлі өсімдіктермен танысты. Ұл-қыздар 10 күннің ішінде жақсы көңіл көтеріп, білімдерін кеңейтті.
Лагерь бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты шараларға толы болды. Жас жеткіншектер өзге ұлттардың салт-дәстүрімен де танысты. Сонымен қатар, балаларға арнап шеберлік сабақтары, мәдени кездесулер мен түрлі ойындар ұйымдастырылды.
НАЗЕРКЕ АЙСИНА, қатысушы:
— Маған біздің өрт сөндіру бөліміне, түрлі музейлерге барғанымыз ұнады. Елімізде тұратын ұлттардың мәдениеті жайында білдік. Тәрбиелеушілер мейірімді, сыпайы болды. Жазғы лагерь көңілімнен шықты. Егер осындай жоба тағы қолға алынса, тағы қатысар едім.
Жобаның соңғы күні балалар көрерменге арнайы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынды. Жалпы, бұл бастама жас ұрпақтың бойына бірлік пен сыйластық құндылықтарын сіңіруге ықпал етуге бағытталған.