Аптадағы маңызды жаңалықтарДенсаулық сақтау

Дәрігерлер отбасы

Ирина Тищенко денсаулық сақтау саласында 40 жыл еңбек етіп келеді. Дәрігер болу – балалық арманы. Педиатр әпкесіне бой түзей өскен ол мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына медицина бағыты бойынша түскен, 1987 жылы қолына диплом алған. Содан бері көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жұмыс істейді.

ИРИНА ТИЩЕНКО, көпбейінді облыстық балалар ауруханасының амбулаторлық оңалту орталығының меңгерушісі:

— Медицина саласында педиатр кез келген ауруды емдей алатын маман болып есептеледі. Мен диплом алғалы тек бір жерде жұмыс істеудемін. Өзімнің жұмысымды, балаларды ерекше жақсы көремін. Әрдайым салаға тиімді жаңалықтар, өзгерістер әкелгім келеді. “Ерте араласу” бағдарламасы – менің жобам. Бұны Қазақстан бойынша ең алғаш болып біз енгіздік. Қазіргі таңда нәтижесін көріп отырмыз.

Қазір түрлі диагоз қойылған балаларға жәрдем беретін оңалту орталығында 30-ға жуық маман еңбек етеді. Солардың арасында Ирина Федоровнаның қызы – Мария Остроумова да бар. “Шеше көрген тон пішер” дегендей, ол анасының жолын жалғауды жөн көріпті. Невропатолог шет елдерде білімін арттырып отырады. Анасы сияқты өзінің салаға әкелген жобалары да жетерлік.

МАРИЯ ОСТРОУМОВА, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы амбулаторлық оңалту орталығының дәрігері:

— Балақайларға деген ықыласым ерекше. Оларға әрдайым көмектескім келіп тұрады. Осы мақсатта бастама танытып, нейробұлшықетті аруларды емдеу және нейрооңалту кабинеттерін ашуға себепші болдым. Оқу бітіріп, қайта Петропавлға ораламын деп ойламадым. Жұмысқа шақыру жәрмеңкесі өтті. Сонда біздің аурухананың директоры мені таңдап алды. Анам екеуіміздің жақын туыс екенімізді білмеген. Осында келген кезде анам өте қатты таңғалды.

Жұмыста ақхалатты ана мен қызы өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарайтын әріптестер. Бір-бірінен ақыл сұрайды, жәрдемеседі.

ИРИНА ТИЩЕНКО, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы амбулаторлық оңалту орталығының меңгерушісі:

— Жақының болған соң басқалардан қатты қарайды екенсің. Жұмыста сөз таластырып қалатынымыз да бар. Бірақ, қызымның менің көмегімсіз зор жетістіктерге жеткені қуантады. Бүгінде оңалту орталығында бір күнде 100-ге жуық бала қабылданады. Әрқайсысы сапалы ем алуда.

Бұл әулеттің 4-ші буыны денсаулық сақтау саласында еңбек етуде. Әлі де дәрігерлер шығады. Осы жылы мектеп бітірген Мария Остроумованың қызы өз өмірін медицина саласымен байланыстырғысы келеді екен.

Жаннұр Бектұрганова