Құқық қорғау органдары

Петропавлда киберқауіпсіздікке арналған тренинг өтті

Қазіргі таңда ел тұрғындары цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жиі қолданады. Әрине, сөз жоқ, пайдаға жаратамыз, керегімізді сұраймыз. Зор көмегі тиіп жүр десем де қателеспеймін. Бірақ, бұның екінші жағын да ұмытпаған жөн. Интернет алаяқтар қалай екені белгісіз, адамдардың жеке дерегіне қол жеткізіп, миллиондап шығын келтіруде. Қулардың арбауына түсіп қалмау мақсатында облысты экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары тұрғындарға арналған тренинг өткізді. Шарада киберқауіпсіздік, алаяқтар ойлап тапқан жаңа схемалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

ЖАСҰЛАН ЖИМАЛИЕВ, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бөлім басшысы:

— Қазіргі таңда алаяқтар ЖИ арқылы жақындарыңыздың түрін, даусын айнытпай салып, видео жасай алады. Тиісінше, сізден ақша сұрайды. Тағы айтарым, әлеуметтік желідегі түрлі жарнамаларға сенбеніздер. Алаяқтар сізді қызықтыру арқылы жеке деректеріңізге қол жеткізіп, қарызға батыруы мүмкін.

СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары облыс тұрғындарымен білімдерімен бөлісті. Жасанды интеллектіні қолданғанда жеке деректі жазбауларын сұрады. Сонымен қатар, банк карталарын барынша абайлап ұстап, жоғалтып алған жағдайда бірден бұғаттау қажеттігін айтты. Айта кету керек, жыл басынан интернет-алаяқтар жерлестерімізге орасан шығын келтірген.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

— Жыл басынан облыста 250-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 600 млн-нан асып жығылады. Бір қуантарлығы, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға кем. Биыл интернет-алаяқтықтың алдын алу арналған мыңға жуық шара өткіздік. Тұрғындардың сауаты да артуда.

Қырағы болмасаң алданасың, сақтансаң аман қаласың. Шара барысында мамандар қулығына құрық бойламайтындардың сөйлесу мәнері мен әрекеттері жайлы кеңінен айтып берді. Тұрғындардан алаяқтар хабарласса барынша сабыр сақтап, салқынқанды сөйлесулерін сұрады. Мүмкін болса бейтаныс нөмірлерді алмаған дұрыс екенін жеткізді. Тағылымы мол жиын барысында шараға қатысушылармен тілдестік. Олар бізге өздерінің басынан өткен оқиғалары жайлы айтып берді.

ОРЫНТАЙ МЕЗГІЛБАЕВА, қала тұрғыны:

— Алаяқтар менің анама хабарласты. Поштаға ақша түскенін айтып, кодты айту арқылы қайта аударуын сұраған. Анамды әбден сендірген. Мен бірден анама барлығын түсіндірдім.

Шараға 200-ге жуық жерлесіміз қатысты. Алдағы уақытта экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары осы сияқты жиындарды жиі өткізбек.

Нұрасыл Ахмет