Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Петропавлдағы қалалық мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 400-ге жуық адам қатысты. Екі қолға бір күрек ұстаймын деушілерге 25 жұмысберуші 900-ге жуық вакансия ұсынды. Жәрмеңке Мансап орталығының бастауымен ұйымдастырылып отыр.

ДӘУРЕН ЗЕЙНУЛЛИН, қалалық Мансап орталығының директоры:

— Жыл басынан бері Мансап орталығы арқылы мың жарымға тарта адам тұрақты әрі уақытша жұмыспен қамтылды. Ал 25 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Жалпы, биылғы жылдың соңына дейін 3 жарым мыңға жуық шаһар тұрғынын жұмыспен қамту жоспарда бар. Бұл – біздің өткізіп отырған 6-шы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі.

Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне Петропавл металл конструкциялары зауытының өкілдері келіп отыр. Кәсіпорынға 5 вакансия бойынша жұмысшы қажет. Өндіріс орнындағы орташа айлық 300-350 мың теңгені құрайды.

ДИЛЯРА САНСЫЗБАЕВА, “Петропавл металл конструкциялары зауыты” ЖШС кадрлар бөлімінің инспекторы:

— Біздің зауытта 140-қа жуық адам жұмыс істейді. Олардың қатарында тұрақты әрі жалдамалы түрде еңбек ететін жандар бар. Бізге әсіресе тракторшы, слесарь, жүргізушілер қажет. Айлық уақытында беріледі. Әзірге, 10-ға жуық адам келіп, вакансиялармен танысып кетті.

Айта кетейік, бұдан бөлек бос жұмыс орындар жәрмеңкесі онлайн форматта Enbek.kz платформасында өтті. Жүйе арқылы кез келген азамат өзі ұнатқан вакансияны таңдап, жұмысқа тұруға өтініш жібере алады.

Ұлан Ыдырыс