СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды. Алғаш аялдаған орын – Долматово ауылындағы Ақ Ирий қалашығы. Ғалымдар мен студенттер мұнда жыл сайын экспедия ұйымдастырылады. Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Тарихшылар аталған мекенді V-ші ғасырға, дәлірек айтсақ, Сақ дәуіріне жатқызады. Бар ақпармен өңірге белгілі археолог Анатолий Плешаков бөлісті.

АНАТОЛИЙ ПЛЕШАКОВ, профессор:

— Ақ Ирий қалашығы Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енген. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнда ең алғаш адамдар ерте темір дәуірінде қоныстаныпты. Бұдан соң бұл жерде Алтын орда заманындағы тайпалар мекендеген. Мұнда темірді балқытатын пештер табылуда. Олардың қатарында өте сирек кездесетін ыстау пештері да бар. Дәл осындай құнды дүние Чехия елінде табылған екен, бірақ ол жақта тек біреуі ғана табылған. Мұнда оның бірнешеуі бар. Қазіргі күні қонысқа жол төселген. Мұнда арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады. Оған университет студенттері мен мектеп оқушылары қатысады.

Ақ Ирий қалашығы 2004 жылдан бастап белсенді зерттеле бастаған. Тарихи орыннан осы күнге дейін қорғаныс шұңқырлары, қорғандар мен бекіністер табылған. Көне қаланың ауданы шамамен 25 шаршы метрді құрайды. Археологтардың сөзінше, мұнда ешкім білмейтін жұмбақ дүниелер көп. Айта кету керек, болашақта тарихи орынға келуші туристер санын арттыру мақсатында бірегей жоба қолға алынбақшы.

МАРИЯ ЧИМИР, Қозыбаев университетінің түлегі:

— Мұнда мен ең алғаш 1-курста келіп, археологиялық қазба жұмыстарымен айналыстым. Ақ Ирий қалашығының атын әлемге танытқым келеді. Ол үшін ескерткішті туристерге ыңғайлау қажет. Осы орайда профессор Анатолий Плешаковпен бірлесіп жоба әзірледім. Меймандарға қазба жұмыстарының барысын бақылай алатын арнайы орындар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек төңіректе музей павильонын салу идеясы да қарастырылған. Яғни, табылған заттар бірден мұнажайға жеткізіледі. Оған қоса “Темір дәуіріндегі бір түн атты” этноаймақ салуды көздеп отырмыз.

Кейін облыс әкімі “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагерінде болды. Өңір жетекшісі демалып жатқан балалармен тілдесті, оларға жасалған жағдайды білді.

ҚАЙРАТ ТОҚТАРОВ, “Серебряный бор” жазғы сауықтыру лагері директорының міндетін атқарушы:

— Биыл жоспар бойынша 7 маусым болады. Тамыздың соңына дейін 500 баланы демалдыруды жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы жеткіншектер жататын корпустарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Инженерлік желілерді жаңарттық. Ұл-қыздарға цифрлық технологияларды үйрету мақсатында интернет қостық.

Күн сайын балалар ерте тұрып, жаттығу жасайды. Оларға 6 мезгіл тамақ беріледі. Демалушылар топ-топқа бөлініп, түрлі жарыстарға қатысады. Ұйымдастырушылар дайындаған күнтізбе арқылы алаңсыз демалады, салауатты өмір салтын ұстанады, ойлау қабілетін жақсартады. Лагерьде “Таза Қазақстан” акциясы мен “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасы аясында да түрлі шаралар өтеді. Бүгін демалыс орнына тәртіп сақшылары келіп, ұл-қыздарға өздерінің жұмыстары жайлы айтып берді. Қазіргі таңда Бескөл ауылында жаңа сквер салынуда. Жоба құны 180 млн теңгеге жуықтайды. Маңызды іспен жергілікті “RM Stone” серіктестігі айналысуда. Айта кету керек, демалыс орны тамызда қолданысқа беріледі. Бұл – аудан орталығында салынып жатқан емхана. Халық үшін маңызды нысанның құрылысы былтыр қазанда басталған. Жоба құны 5 млрд теңгеден асып жығылады. Облыс әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтап, сапаға баса назар аударуды тапсырды.

Көпті қуантқан қоныстой. Бүгін Бескөл ауылында 17 отбасыға су жаңа үйлердің кілті табысталды. Қуанышқа бөленгендердің арасында әлеуметтік осал топтағы жанұялар мен мемлекеттік қызметкерлер де бар. Алдағы уақытта Бескөл ауылының шетінде сәндік өсімдіктер тәлімбағы салынады. Алыстан көз тартатын орынның аумағы 14 мың шаршы метрді құрайды. Содан соң Ғауез Торсанұлы Бескөл ауылын жылумен қамтамасыз ететін орталық қазандыққа барды. Нысан 2024 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір ескі қондырғылар жаңасына ауыстырылып жатыр.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

— Орталық қазандықтың жобалық қуаттылығы 200 МВТ құрайды. Әлеуметтік маңызды нысан 45 көппәтерлі үйді, 17 бюджеттік ғимаратты және 30-дан астам жеке секторды жылумен қамтамасыз етеді. Жаңа қондырғылар әкелінді. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап болғаннан кейін аудан тұрғындарымен кездесті. Шара шымылдығын аудан әкімі Бейбіт Исманов ашып, атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер жайлы баяндады.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

— Ауданда 200-ден астам агроқұрылым бар. Былтыр диқандарымыз қамбаға 365 мың тонна асты құйды. Бұл – облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш. Нивоникольское ауылында Орталық Азиядағы ең үлкен тауарлы-сүт фермасы салынуда. Алдағы уақытта кәсіпорынға 400-ге жуық асыл тұқымды ірі қара әкелінеді.

Аудан әкімінің баяндамасынан кейін тұрғындар толғандырған сұрақтарын қойды. Жиын барысында жол, байланыс және білім беру салалары бойынша мәселелер көтерілді.

Ұлан Ыдырыс