Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Саденовті қабылдады. Ведомство басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік ахуал жөнінде баяндады. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға төмендегені айтылды.
ЕРЖАН САДЕНОВ, ҚР Ішкі істер министрі:
— Негізгі санаттар бойынша құқық бұзушылықтың азаюы және қылмысты ашу деңгейінің артуы байқалады. Алдын алу іс-шаралары мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Ведомство жазаның бұлтартпас қағидатын дәйекті түрде қамтамасыз етіп келеді. Есепті кезеңде өткен жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылған. Сот төрелігінен жасырынып жүрген 574 қылмыскер, оның ішінде 89-ы шетелден табылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық жүйені қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – интернет-алаяқтармен күрес. Әлемжеліде қулар әлі де ойлағандарын іске асыруда. Петропавлдық Светлана Гудкова – сан соғып қала жаздаған жерлесіміздің бірі. Ол жүздеген мың теңгеден қағыла жаздаған.
СВЕТЛАНА ГУДКОВА, қала тұрғыны:
— Маған алаяқтар хабарласты. Банк шотымның бұғатталып қалғанын, сайтқа кіріп, айтқандарын істеуімді сұрады. Сенімді сөйлегендері сондай, сеніп қалдым. Дәл ақшаны аударайын деп жатқан кезде ойыма алаяқтар келді. Қуанышыма орай, қаражат өзімде қалды. Өзім – тасқыннан зардап шеккен жанмын. Шығын үшін берілген 800 мыңды аударып жібере жаздадым.
Қазір интернет-алаяқтар қызмет көрсетуші ұйымдардың атын жамылып хабарласатын болған. Айтатын негізгі сылтаулары – “Сәлемдемені алыңыз!”, “Домофон кілтін ауыстыру керек”, “Медициналық тексерістен өтуге міндеттісіз!”
— Біз айтылғанның барлығына сеніп қаламыз. Қулардың айла-тәсілдерін білемін. Жақындарым ескертіп отырады. Күмәнді әңгіме болса бірден сөйлесуді доғарамын.
— Маған бірнеше рет хабарласты. Бөтен нөмірден келген қоңырауларды мүлде алмаймын. Мені іздегендер хабарлама жазады, солай байланысқа шығады.
— Мектеп жұмыс істедім. Сонда ата-аналарды, балаларды қауіптен қорғануға шақырдым. Туыстарымның WhatsApр мессенджерінде қос факторлы аутентификация орнаттым. Бүгінге дейін ешкім алданбады.
Халық арасында интернет-алаяқтардың айла-тәсілінен хабардар жандардың санын әлі де ұлғайту керек. Себебі, алданғандардың қатары қалындауда. Жыл басынан бері өңірімізде 247 факт тіркелген. Жалпы шығын көлемі 600 млн теңгеден асып жығылады. Жәбірленушілердің қатарында 89 зейнеткер де бар.
Байболат Құлтанов