Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтарға жәрдемдескен жастар сотталды. Олар өткен жылдың шілдесінде ұсталған. Бір жылға жуық жүргізілген тергеу барысында пысықайлардың заң бұзушылықтың бақандай 31 эпизодына қатыстылығы анықталды. Ұсынылған деректерге сүйенсек, 20 мен 25 аралығындағы 5 тұлға тұрғындарды алдау жолымен келген ақшаны қабылдаушы дропперлердің басын қосқан. Яғни, солардың шоттары арқылы қаражат Қазақстаннан тыс жерлерге шығарылып отырған. Әр операциядан пысықайлар өз үлестерін алған. Сот шешімімен «дроповодтар» әртүрлі мерзімдерге – 6 жыл 8 айдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің талап-арыздарының бір бөлігін қанағаттандырды. Енді сотталғандар бірқатар эпизодтар бойынша келтірілген залалды өтеуге міндетті. Бір жағдайда залал көлемі 22 миллион 800 мың теңгені құрады.