Мәдениет

Петропавлда “Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы” атты республикалық көшпелі көрме ашылды

Петропавл қаласындағы Ислам мәдениеті музейінде “Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы” атты республикалық көшпелі көрме ашылды. Іс-шара “Әзірет Сұлтан” ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының және Абылай хан резиденциясы музей кешенінің арасында жасалған меморандум нәтижесінде ұйымдастырылып отыр. Салтанатты жиынға басқарма басшысы Досбол Әбдірейісов те қатысып, келген қонақтарды көрменің ашылуымен құттықтады.

ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:

— Бұл жәй көрме емес. Ол -Түркістан мен біздің өңірді байланыстыратын алтын көпір, үлкен жоба. Барлықтарыңызды “Күлтөбе қалажұрты: көне Түркістан тарихының бастауы” атты көшпелі көрменің ашылуымен құттықтаймын.

Көрмеге Түркістан тарихынан сыр шертетін 200-ге тарта көне жәдігер қойылған. Олардың барлығы түпнұсқа. Экспонаттардың қатарында б.з.д. 2-ші ғасырға жататын Кушан мемлекетінің тиыны әрі Жәңгір хан дәуірінде жасалған асүй ыдыстары бар.

ӘЛИЯ ХАЙМОЛДИНА, Абылай хан резиденциясы музей кешенінің жетекшісі:

— Мұнда 172 құнды жәдігер енгізілген. Көрмеде Түркістан өңірінің ең көне археологиялық ескерткіштерінің бірі Күлтөбе қалажұртының заттары да бар.

Айта кетейік, ресбуликалық көрме Петропавлда 2 ай бойы өтеді. Көне жәдігерлерді тамашалаймын деушілерге Ислам мәдениеті музейінің есігі айқара ашық.