Балалар

Петропавлда кәмелетке толмаған бала жұмысқа заңсыз тартылған

Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің кейбірі нәпақа тапқысы келеді. Заңда 16 жастан бастап еңбек шартын дербес жасасуға рұқсат етілген, ал 14-15 жастағы балаларға ата-анасының келісімі керек. Алайда, бұл талап әрқашан ескеріле бермейді. Кейбір жұмыс берушілер тәртіпті айналып өтеді. Мәселен, жуырда Петропавлдағы сауда үйлерінің бірінің маңында кәмелетке толмаған баланың заңсыз тер төгіп жүргені анықталды.

МИРАС САБАҒАНОВ, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

— Біз қалалық прокуратураның материалдары негізінде бірлескен тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде қайырымдылық қор басшылығымен еңбек шартын жасаспай жәшікпен ақша жинап жүрген бала анықталды. Жұмыс беруші онымен тек азаматтық-құқықтық сипаттағы қызмет көрсету шартын бекіткен. Мемлекеттік еңбек инспекторы бұзушылықтың орын алғанын дәлелдеп, тұлғаны Әкімшілік Кодекстің 86-бабы бойынша жауапкершілікке тартты.

Заң бұзғандарға аталған бап бойынша 30-дан 150 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл көзделген. Сонымен қатар, еңбек заңнамасында жасөспірімдерді ауыр, қауіпті өндірістерге және түнгі жұмыстарға тартуға мүлдем тыйым салынады. Ойын-сауық орындары мен алкоголь, табак өнімдерін сататын нысандарда да ұл-қыздардың еңбегін пайдалануға шектеу қойылған.

МИРАС САБАҒАНОВ, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

— Жастар жұмысқа тұрар сәтте ең алдымен күнделікті сағаттары нақты жазылған ресми еңбек шартын талап ету қажет. Егер уақыт сақталмаса, түнгі ауысым көрсетілсе, жалақы берілмесе, жас буын қорықпай біздің департаментке арызданған жөн. Біз заң аясында тиісті тексеріс ашып, шара қолданамыз. Жұмыс берушілер қызмет етіп жүрген балалар екенін ескеріп, адами түсіністікпен қараулары тиіс.

Мирас Сабағановтың сөзінше, ресми бекітілген құжат қана баланың қауіпсіздігі мен адал маңдай терінің уақытылы өтелуіне кепіл болады. Мамандар мұндай бақылау, заңнама талаптарын бұзушыларды анықтау шараларын жаздың соңына дейін жалғастырмақ.

Жангельді Жамалиев