27-ші шілде күні облыстық онкологиялық орталықта қуықасты безі обырының алдын алуға арналған “Ашық есік күні” шарасы өтеді. Дәрігерлер тұрғындарды жолдамасыз қабылдайды. Тек жеке куәлік жеткілікті. Сондай-ақ, мамандар бұған дейін тапсырған анализдеріңіз болса, ұмытпай ала келуге кеңес береді. Хабарлама материал әзірлеу барысында эндоскопист дәрігері Өркен Темірмен тілдестік. Білікті маман қатерлі ісіктің түрі жайлы айтып өтті.
ӨРКЕН ТЕМІР, облыстық онкологиялық орталықтың эндоскопист-дәрігері:
— Қуықасты безі обыры көбінесе 50 жастан асқан ер адамдарда кездеседі. Алғашқы белгілері: кіші дәретке жиі бару, бел ауруы.
Аталған қатерлі ісікке шалдықпас үшін алкоголдік ішімдіктер мен темекіден бас тартқан жөн. Күніне бір мезгіл физикалық жұмыс істеп, салауатты өмір салтын ұстанған абзал. Қуықасты безі обырын ерте анықтап, емдемеген жағдайда өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
ӨРКЕН ТЕМІР, облыстық онкологиялық орталықтың эндоскопист-дәрігері:
— Қатерлік ісікті ерте анықтамаған жағдайда сүйектерге кері әсерін тигізеді. Адамның жүруі қиындайды. Тіпті, өлімге де алып келуі мүмкін. Бес айдың ішінде облыста 39 адамнан қуықасты безі обыры анықталды.
Өкінішке қарай, жыл басынан бері қуықасты безі обырына шалдыққан 10 жерлесіміз қайтыс болыпты. Ал өткен жылы 23 адам көз жұмған. Онкологиялық орталық мамандары солтүстікқазақстандықтарды “Ашық есік күні” шарасына жаппай қатысуға шақырады. Себебі, кез келген аурудың емі – оны ерте анықтап, алдын алу.
Нұрасыл Ахмет