Теміржол вокзалынан 30-дан астам солтүстікқазақстандық оқушы Алматы қаласына аттанды. Бұлар – ауыл мектептерінің шәкірттеріне арналған республикалық “iQanat” олимпиадасының финалистері. Зияткерлік доданың алғашқы 2 кезеңі бұған дейін өткізілді. Енді теріскейлік дарынды балалар еліміздегі ең мықты жастармен бақ сынасады. Сайысқа бара жатқандардың бірі – Нұрбол Шәкенов. Ол – Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы.
НҰРБОЛ ШӘКЕНОВ, “iQanat” олимпиадасына қатысушы, Шал ақын ауданы:
— Мен олимпиадаға бір ай бойы қатысып келемін. Әртүрлі сайттан тапсырма іздеп дайындалдым. Қобалжуым бар, бірақ бар күшімді салуға тырысамын. Жерлестеріміздің үмітін ақтауға тырысамын!
Сайыста балалар кез келген мектеп пәнін таңдап, бақ пен бап сынайды. Олимпиада жеңімпаздарын зор мүмкіндіктер күтіп тұр. Үздік шыққан қатысушылар үшін білім беру бағдарламалары қарастырылған.
АЙСҰЛУ ЕСЕНЕЕВА, “iQanat” республикалық олимпиадасының СҚО бойынша үйлестірушісі:
— Финалда олимпиаданың үшінші кезеңі өтеді. Оның қорытындысы бойынша балалардың бір бөлігі Бурабайдағы “iQanat High School” мектебіне оқуға қабылданады. Ал қалған қатысушылар үш жылдық бағдарламаға жолдама алады. Оның ішіне ҰБТ-ға дайындық, IELTS тапсыру, ағылшын және қытай тілінің курстары кіреді. Балалар IT-саласы мен Soft skills дағдыларын тереңдетіп меңгере алады.
Республикалық білім бәйгесі маусымның 18-і мен 24-і аралығында өтеді. Финалға бүкіл Қазақстан бойынша мыңнан астам ауыл оқушысы қатысады.
Жаннұр Бектұрғанова