Петропавлда медицина қызметкерлері арасындағы спартакиада жалғасын тапты. Дәстүрлі дода аясындағы сайыстың бірі – дартс. Бұл бәсекеде тек емдеу мекемелерінің басшылары шеберлік сынасады. Нағыз мергендер анықталатын жарыс десек қате айтпаймыз.
НҰРЛАН АЙМАНОВ, СҚО көпбейінді аурухананың бас директоры:
— Бүкіл облыстан, қалалық, аудандық ауруханалар, емханалар және облыстық балалар ауруханасы, ВИЧ, СПИД орталығы, сонымен қатар, фтизиопульмонология, 30-дан астам медициналық ұйым өкілдері қатысуда. Біздің ауруханадан 7 адам қатысып жатыр.
Спартакиаданың бүгінгі бағдарламасына жеңіл атлетика, ұзындыққа секіру, белтемірге тартылу, арқаға жатып кеудені жерден көтеру сайысы енді. Соңғысында тек әйелдер сынға түсті. Әр дода тартысты өтті. Қатысушылар ұпайлар үшін аянып қалмады.
ЖАНАТ МҰХАМЕТҒАЛИЕВ, жарыстың бас төрешісі:
— Сонымен қатар, бүгін арқан тарту сайысы өтеді. Оны ең соңына қалдырдық. Әр жарысқа арнайы қазылар бекітілген. Білікті мамандар барлығын мұқият қадағалайтын болады.
Медицина қызметкерлері арасындағы спартакиада – жылда өтетін спорттық жарыс. Биыл 250 адамнан тұратын 25 команда бақ сынады. Оның 12-сі аудандардың намысын қорғады. Түске таман жеңімпаз ұжым анықталды. Чемпион – облыстық жедел медициналық көмек орталығы. Топ жарған және жүлдеге іліккен командалар марапатқа ие болды.