Жуырда Щучинск қаласында бокстан жасөспірімдер арасында ашық облыстық турнир өтті. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық бала қатысты. Кіл мықтылар сайысқан додада солтүстікқазақстандық былғары қолғап шеберлері сәтті өнер көрсетті. Талантты жерлестеріміз сайыста 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншіледі.
ГЕРМАН ОКУНЕВ, “Олимп” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:
— Жарыста бәсекелестік өте жоғары болды. Тәрбиеленушілерім үшін әр кездесу оңайға соқпады. Бірақ, қажырлы еңбек пен дұрыс қойылған тактиканың нәтижесінде жеңіске жеттік. Балалар облыстық, республикалық деңгейдегі чемпионаттарға жиі қатысады. Себебі, кез келген спортшы осындай сайыстар арқылы ысылады.
Никита Бирюков турнирде аса ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, чемпион атанды. Ол жеңіс жолында 2 кездесу өткізді. Финалда жарыс фаворитімен сынға түскен. Алғашқы раундта қарсылас басымдық танытыпты. Кейін Никита бірден жиналып, дөп соққылар мен әдемі комбинациялардың нәтижесінде жеңіске жеткен.
НИКИТА БИРЮКОВ, турнир жеңімпазы:
— Боксқа келгеніме 5 жылдан асты. Менің әкем де бокспен айналысқан. Болашаққа деген жоспар көп. Олимпиада, Әлем чемпионы атанғым келеді. Ол үшін аянбай тер төгемін. Маған бар білгенін үйретіп жүрген ағайларыма алғысым шексіз.
Ал Райымбек Игбергенов болса турнирде қола жүлдеге ие болды. Жігерлі жастың бокспен айналысып жүргеніне 3 жылға жуықтапты. Соған қарамастан бірнеше жарыста атой салып үлгерген.
РАЙЫМБЕК ИГБЕРГЕНОВ, турнирдің қола жүлдегері:
—Турнирде 3 кездесу өткіздім. Қарсыластарымның барлығы тәжірибелі болды. Жартылай финалда жергілікті былғары қолғап шеберіне есе жібердім. Бұнымен тоқтап қалмаймын. Алда жарыстар көп. Болашақта Геннадий Головкин сияқты чемпион болғым келеді.
Айта кету керек, А.Винокуров атындағы спорт сарайында 100-ге жуық жас бокспен айналысады.
Нұрасыл Ахмет