Петропавлда ақиық ақын, атақты қайраткер жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың мұрасын ұлықтауға бағытталған “Мағжан оқулары” байқауы өтті. Бұл жолы әдеттегідей оқушылар сынға түскен жоқ. Облыстың түкпір-түкпірінен келген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері сайысты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 33 педагог қатысуда. Сайыс 3 номинациядан тұрады. Қуанышқа орай, жыл санап байқауға қатысушы ұстаздардың саны артуда.
Шараның басты мақсаты – қазақтың нар тұлғасының өмір жолын дәріптеу. Артынан қалдырған мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау. Сонымен қатар, ақынның шығармалары арқылы педагогтердің эстетикалық талғамдары мен тұлғалық қасиеттерін шыңдау. Белгілі қайраткердің аты берілген ауданнан келген Мәдина Тілеуке байқауға тек жеңімпаз атануға келіпті.
МӘДИНА ТІЛЕУКЕ, Фурманов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. М.Жұмабаев ауданы:
— “Мен жастарға сенемін” номинациясы бойынша қатысудамын. Барлық әріптестеріме сәттілік тілеймін! Ақиық ақынның 25 өлеңі мен 1 поэмасын жатқа білемін.
Қазылар алқасы өңірге белгілі жазушылар мен ұстаздардан құралған. Оларға кіл мықтыны таңдау оңайға соқпасы анық. Себебі, педагогтер шараға зор дайындықпен келген.