СҚО әкімдігі

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келді

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев СҚО-ға жұмыс сапары аясында өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге ірі инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Делегация алдымен трансформаторлар мен жиынтықтауыш бөлшектер шығаруға маманданған Петропавл электротехника зауытына ат басын бұрды. Жоба құны – 10 млрд теңге. Мұнда 200 жұмыс орны ашылған, ал кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 13 мың дана дайын өнім шығаруға қауқарлы. Ондағы өнімнің 98 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады. Бұдан кейін жұмыс тобы «ЗИКСТО» зауытына барды. Мұнда электропоездар, жолаушылар және платформа-вагондар құрастырылады. 2025 жылы кәсіпорында аумағы 12 мың шаршы метр болатын жаңа өндірістік кешен құрылысы аяқталып, IGM компаниясының роботтандырылған технологиялық желі іске қосылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 25 млрд теңге. Жаңа желінің іске қосылуы қосымша 300 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, зауыт жылына 3,5 мың дана дайын өнім шығаруға қол жеткізді.

СЕРГЕЙ ПАВЛИНГЕР, «RAILWAYS SYSTEMS HOLDING» ЖШС бас директоры:

— Қазіргі таңда жылдық айналымымыз шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Биыл 17 млрд теңге көлемінде салық төледік. Жұмысшылардың орташа жалақысы 600-700 мың теңге аралығында, кәсіпорында 814 адам еңбек етедi.

Сондай-ақ, делегация өңірдегі ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын ірі кәсіпорындардың бірі – CLAAS зауытына барды. Мұнда комбайндар, тракторлар және егіс кешендері шығарылады. Жобаға құйылған инвестиция көлемі 6 млрд теңгені құрайды. 100 жұмыс орны ашылған, ал кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 600 дана дайын техникаға есептелген.

СЕРГЕЙ ЖОЛИК, «CT ASSEMBLY» ЖШС бас директоры:

— Мұнда 107 адам жұмыс істейді, орташа жалақы – 600 мың теңге. Әлі де жалақыны өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекетке салықты көбірек төлеу міндеті тұр. Жұмыс орындарын ашу бағытында бізде дуалды оқыту бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. Студенттерді неміс технологиясы бойынша оқытудамыз. Биыл үшінші кезеңді қабылдадық, ал келесі жылы осы бағдарлама бойынша алғашқы түлектерімізді шығарамыз. Олар біздің кәсіпорында және серіктес компанияларда жұмысқа орналасады.

Бұдан кейін жұмыс тобы Қазақстан мен Орталық Азиядағы май сығу саласының көшбасшысы «Масло-Дел» зауытының жұмысымен танысты. Өндірісте суықтай сығудың заманауи технологиялары қолданылады, бұл шикізатты тиімді өңдеп, экспорттық бағыттарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Жобаның инвестиция көлемі – 34 млрд теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 370 мың тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорында қазіргі күні 270 адам еңбек етеді, орташа жалақы – шамамен 500 мың теңге.

ПАВЕЛ СЕЛИВАНОВ, «Масло-Дел» ЖШС бас директоры:

— Біз өндіретін май өнімдері – ең алдымен әлеуметтік тауар. Қазір Әзірбайжанға өнімді үлкен көлемде экспорттап жатырмыз, өзіндік құны төмен майлар мен тоңмайлар көптеп жөнелтілуде. Өсімдік майлары қосылған спред өнімдері де бар. Олардың бағасы өте тиімді болғандықтан, халық көптеп тұтынады. Егер таза сары майдың келісі 6 мың теңге болса, бұл майдың бағасы 1500 теңге тұрады. Ал дәмі жағынан еш айырмашылығы жоқ, өте қолжетімді.

Сондай-ақ, делегация өңірді жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін негізгі энергетикалық нысан Петропавл 2-ЖЭО жұмысын тексерді. Станцияның жедел басқару орталығында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы, жөндеу және инвестициялық жұмыстардың жүргізілуі, сондай-ақ жабдықтарды жаңғырту мен жұмыс сенімділігін арттыру шаралары туралы баяндалды. Айта кетейік, бүгінде мұнда 800-ге жуық адам жұмыс істейді, орташа жалақы 496 мың теңгені құрайды.

АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:

— Күзгі-қысқы кезеңнен өту бойынша ең қиын жағдай 2022 жылы болды, ол кезде 103 технологиялық ақау тіркелген еді. 2024-2025 жылдары ауқымды жөндеу бағдарламаларын жүргізудің арқасында бұл көрсеткішті 55-ке түсірдік, ал өткен жылыту маусымында небәрі 23 технологиялық бұзылу болды. Яғни, бұл бағытта айтарлықтай оң динамика бар. Қазір де қарқынды дайындық жүріп жатыр. Осы жылғы инвестициялық жөндеу науқанына тоқталсам, 2025 жылы инвестициялық бағдарлама 15 млрд теңгені құраса, биыл бұл мақсатқа 16,2 млрд теңге бағытталды.

Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев өңір экономикасы мен инфрақұрылымының өзге де маңызды нысандарын аралады. Сапар аясында «Зеленый Север» серіктестігінің жылыжай кешені, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, Универсальная көшесіндегі жолөткел құрылысы, «Пёстрое» көліндегі экопарк және «Зенченко және К» КС-ның сүт-тауарлы фермасының жұмысы да назарға алынды.