Петропавлда мектеп жанындағы спорт клубтары арасында өтетін дәстүрлі спартакиада өз мәресіне таяп қалды. Қаңтар айында басталған ауқымды шараның қорытынды додасы – шағын футбол турнирі. Қатысушы команда саны – 20, ал ойыншылар 200-ге жуықтайды. Сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген жас спортшылардың бірі алаңға шығар алдында өз әсерімен бөлісті.
МАНСҰР САНСЫЗБАЙ, қатысушы:
— Мен футболмен 3 жылға жуық айналысамын. Осы уақыт ішінде бапкерімнің жетекшілігімен мол тәжірибе жинап, еліміздің түрлі қалаларында өткен жарыстарға қатыстым. Командамызбен бірге жүлделі орындарға ие болдық, көптеген маңызды ойындарда өзімізді көрсете алдық. Бүгін де алаңға үлкен сеніммен шығып, жақсы ойын көрсетуге дайынбыз.
Жасыл алаңда жанталаса жүгірген балалар 13-14 жаста. Әрқайсысының болашағына үмітпен қарауға болады. Допты қабылдау, пас беру, соққы бағыттау шеберліктері көңілден шығады. Ал мұндай жарыстар олардың тәжірибелерін одан әрі толықтырады. Бұл тартысты дода үздік футбол командасын ғана емес, жалпы спартакиаданың қорытынды есебін анықтайды. Өңіріміздің спортшы балалары жыл басынан бері шаңғы жарысы, тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетика сынды сайыстарда күш сынасты.
НАТАЛЬЯ ТИМОШЕНКО, қалалық балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс жұмыс орталығы директорының орынбасары:
— Шағын футболдан өтіп жатқан бұл жарыс балалар мен жасөспірімдер клубтарының жыл сайынғы спартакиадасын қорытындылайды. Турнирдің басты мақсаты – балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. 4 күнге созылатын додада қатысушылар өзара мықтыны анықтап, командалық шеберліктерін шыңдайды. Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар марапатталады.
Бәсеке жеңімпаздары медальдармен және грамоталармен марапатталады. Ал 8 спорт түрінен ең жоғары ұпай жинаған ең үздік балалар клубына бағалы сыйлықтар табысталады. Бұл спартакиада ұл-қыздардың спортқа деген құлшынысын арттырып, бұқаралық спортты дамытудың таптырмас құралына айналып отыр.
Жангельді Жамалиев