Қоғам

Облыстық психикалық денсаулық орталығында әкелерге арналған тренинг өтті

“Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар”. Бала тәрбиесінде ана да, әке де маңызды рөл атқарады. Бірақ, кейбір кезде ер азаматтар бұны ұғына бермейді. Осы мәселені талқылау, өзектілігін қоғамға жеткізу мақсатында облыстық психикалық денсаулық орталығында әкелер қауымына арналған тренинг өтті. Оның барысында ерлер қауымының ұл-қыздармен қарым-қатынасы жайлы кеңінен айтылды.

ДӘУРЕНБЕК БЕЙСЕМБАЕВ, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:

— Оң жолдан тайған жастардың көбі әкелерімен дұрыс қарым-қатынас жасамағанын аңғардық. Мұндай жасөспірімдердің арасында нашақорлық бет бұрғандары, суицид жасап жатқандары да бар. Сондықтан әкелер қауымына арнап тренинг өткізіп отырмыз. Біз өзекті бағытты тұрақты негізде зерттеп тұрамыз. Биыл біздің орталыққа 80-ге жуық бала көмек сұрап келді. Демек, осы сынды шараларды жиі ұйымдастыру керек.

Іс-шараға облыстық “Қазақстанның әкелері” ұйымының төрағасы Евгений Максимов қатысты. Оның айтуынша, ұл-қыздардың тәрбиесінде үйдегі жайлы атмосфера мен пайдалы іс-әрекеттер маңызды рөл атқарады. “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деп дана қазақ халқы бекер айтпаған.

ЕВГЕНИЙ МАКСИМОВ, СҚО “Қазақстанның әкелері” ұйымының төрағасы:

— “Республикалық “Қазақстанның әкелері” ұйымының басты мақсаты – бала тәрбиесіндегі әке рөлін нығайту. Осы мақсатта ай сайын спорттық іс-шаралар өткіземіз. Себебі, әкесінің күнделікті спортпен шұғылданып жүргенін көрген жеткіншек міндетті түрде салауатты өмір салтын ұстанатын болады. Бұдан бөлек, біз түрлі отбасылық сайыстар да ұйымдастырамыз. Оған аналар мен балалар да қатыса алады. Бұл өз кезегінде жанұя ішіндегі ауызбіршіліктің нығайуына септігін тигізеді.

Іс-шараға қатысып отырған әкелердің қатарында Айбек Исмағұлов та бар. Ол бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Балалары болашақта маман иесі, жанұясының тірегі болуы үшін тәлім мен тәрбиені қатар беруде.

АЙБЕК ИСМАҒҰЛОВ, қала тұрғыны:

— Қазіргі күні 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырмын. Қызым студент. 2 балам мектепте білім алады. Өзім мұғалім болып жұмыс істеймін.

Айта кетейік, алдағы уақытта облыстық психикалық денсаулық орталығы әкелер қауымына арналған іс-шараларды жиі өткізуді жоспарлап отыр.

Ұлан Ыдырыс