Облысқа жұмыс сапарымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келді. Ол өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Петропавлдағы өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарын аралады. “Зеленый Север” серіктестігі жылына 3 мың тонна қияр мен қызанақ өндіруге қауқарлы. Бұл – инвестициялық жоба. Құны 7 млрд теңгеден асып жығылады.
ЕКАТЕРИНА АСАЁНОК, “Зеленый Север” ЖШС директоры:
— Бізден шыққан өнім өңірдегі дүкендерге жөнелтіледі. Жыл бойы жұмыс істейміз. Жылыжай кешені соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Адам күші аса қажет емес. Басты мақсат – жергілікті сауда нүктелерін қолжетімді қияр және қызанақпен қамту. Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейтіп, жылдық қуаттылықты 4 мың 500 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Қазіргі таңда облыста 1 трлн 1 млрд теңгенің 64 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Жергілікті әкімдік өкілдері шетелдік кәсіпкерлерге тиісті жағдайды жасауда. Бар ақпармен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев бөлісті.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына 21 қатысушы тіркелген. Оның ішінде ағашты терең өңдейтін, көтергіш-көлік жабдықтарын өндіретін және саңырауқұлау пен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Өндіріс орындары қолданысқа берілгеннен кейін 10 мың адам жұмыспен қамтылады. Зауыттардағы жұмыс процесін әрдайым бақылап отырамыз.
Нұрлыбек Машбекұлы барған келесі нысан Петропавл ауыр машина жасау зауыты болды. Кәсіпорын 1961 жылы қолданысқа берілген. Мұнда 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Бұл – Универсал көшесі бойында салынып жатқан жол өткелі. Мұндағы құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталған. Аталған нысан орталық пен Жұмысшы кентін байланыстырады. Айта кету керек, жоспар бойынша жол өткелі тамызда қолданысқа беріледі.
Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Пестрое көлінің маңында салынып жатқан экопаркке барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бірегей жобаның құны 3 млрд теңгеге жуықтайды. Алдағы уақытта аумаққа 520 көлікке арналған автотұрақ салынып, 200-ге жуық жарықшам орнатылмақ. Бүгінде аумақ толығымен абаттандырылған. Тұрғындар атқарылған жұмысты жоғары бағалауда. “Ең бастысы – халықтың разы болғаны”, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
— Халық демалатын әдемі демалыс орындары көп болуы қажет. Атқарылған жұмыс көңілден шықты. Тазалыққа баса берулеріңізді сұраймын. Осы сияқты бірегей жобаларыңыз көп болсын!
Нұрлыбек Нәлібаев Петропавлдағы өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарын аралағаннан кейін Новоникольское ауылына барып, елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.