ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев пен аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ең алдымен ауылдағы сүт фермасына барды. Кешеннің басты ерекшелігі – ірі қараны сауатын жоғары технологиялы «карусель» типті сауу қондырғысының болуы. Содан кейін жиналғандар ауылдағы орта мектепке барып, оқушыларға жасалған жағдаймен танысты. Білім ошағы 1968 жылы құрылған. Жобаның қуаттылығы 460 орынға дейін жетеді. Бүгінде 330-дан астам оқушы білім алып жатыр. Мектепте күніне екі рет тамақтану ұйымдастырылған. Оның шығынын «Зенченко және К» КС өз мойнына алған.
ВИКТОР ВЫСОЦКИЙ, Г.Зенченко атындағы орта мектептің директоры, Қызылжар ауданы:
— 2020 жылы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған бюджеттен 100 млн теңге бөлінді, ал тағы 180 млн теңгені «Зенченко және К» КС қаржыландырды. Сонымен қатар, мектепке қатынап оқитын 66 оқушыға сағат екіде қосымша тамақ беріледі. Мұндағы халықтың барлығы дерлік жұмыс істейді, аз қамтылған отбасылар жоқтың қасы. Бәрі де лайықты жалақы алады.
Бұдан кейін қонақтар ауылдың мәдени тынысын сезіну үшін жергілікті Мәдениет үйіне қарай аяқ басты. Кешкісін қарбалас жұмыс күнінен кейін нысан іші жанға толады. Мәдениет үйі меңгерушісінің айтуынша, балалар би үйірмесіне зор қызығушылықпен қатысады. Бүгінде би ансамбліне 60-қа жуық бала келеді. Олар 4 жастан бастап қабылданады. Қазіргі таңда мұнда 9 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Оның екеуіне «халықтық» атағы берілген.
ОЛЬГА БЛАМБАЕВА, Мәдениет үйінің меңгерушісі, Қызылжар ауданы:
— Біріншісі – Геннадий Иванович Зенченко атындағы Новоникольское халық хоры. Бұл ұжымның тарихы тереңде жатыр. Осыдан 50 жыл бұрын оның құрамында Геннадий Ивановичтің өзі де өнер көрсеткен. Бұрын хор құрамында 60-қа жуық адам болса, қазір шамамен 25 адам қатысады. Екінші халықтық ұжымымыз – «Зажигалки» хореографиялық би ансамблі. Оның кіші, орта және ересек топтары бар.
Ал ауылдағы спорт сарайы 2017 жылы ашылған. Кешенде бассейн, волейбол, баскетбол, фитнес, тренажер залы және гір көтеру үйірмелері жұмыс істейді. Жалпы, күн сайын нысанға шамамен 50-60 адам жаттығуға келеді. Бүгінде ел экономикасының тірегіне айналған, агроөнеркәсіп кешенінің көшбасшысы «Зенченко және К» КС тек жоғары өндірістік көрсеткіштерімен ғана емес, өз жұмысшыларына көрсеткен ерекше әлеуметтік қамқорлығымен дараланып отыр.