Құқық қорғау органдары

Адам өліміне не себеп?

Тимирязев ауданындағы егістік алқаптардың бірінде жазатайым оқиға орын алды. «Қазақстан Бидайы» серіктестігінің 46 жастағы қызметкері танапты химиялық өңдеумен айналысқан. Жұмыс барысында кенет өзін жайсыз сезініпті. Куәгерлердің бірі жедел жәрдем шақырады, мамандардың алдынан шығу үшін өзінің автокөлігімен қарама-қарсы бағыт алады. Алайда, ажалдан аман алып қалу мүмкін болмады, фельдшер ер адамның көмек жеткенше көз жұмғанын тіркеді. Қаза тапқан маман – Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны. Жауапты орган өкілдерінің хабарлауынша, аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Алдағы уақытта нақты себеп мәлім болады.

МИРАС САБАҒАНОВ, ҚР ЕХӘҚМ мемлекеттік еңбек инспекциясы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

— Осы жазатайым оқиғаны арнайы тексеру жөніндегі комиссия құрылды. Мамандар тексереді, мән-жайды анықтайды. Әзірге адам өлімінің нақты себебін айта алмаймыз. Болжам бойынша жұмысшының жүрегі тоқтап қалған. Гербицидтен улануы мүмкін деген де пікірлер айтылуда. Мұндай жағдайда еңбекті қорғау қауіпсіздігінің талаптарын бұзған тұлғалар жауапқа тартылады. Сот-медициналық сараптаманы күтеміз.