Өткен сенбіде өңірімізде БАҚ өкілдері арасындағы дәстүрлі спорттық спартакиада өтті. Салауатты өмір салтын серік еткен солтүстікқазақстандық журналистер бұл күні жұмыс құралдарын спорттық формаға алмастырды. Шараның ресми ашылу салтанатында сөз алған ұйымдастырушылар кәсіби мереке қарсаңындағы бұл басқосудың маңыздылығына тоқталды.
ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы:
— Мерекеміз құтты болсын! Бүгінгі сайыста ең мықты команда жеңіске жетсін. Кім жеңсе де барлығымыз қуаныштымыз. Ең бастысы – бір-бірімізді көріп, қауышып, күнделікті жұмыстан тыс бір сәт уақыт тауып, осындай басқосуларда көңіл-күйімізді көтеріп жүрейік.
Ресми бөлімнен кейін спорттық бәсекелердің жалауы желбіреді. Биылғы спартакиаданың бағдарламасы үстел теннисі, волейбол, футбол және арқан тартыс сияқты тартысты бағыттарды қамтыды. Доп додасы басталған сәттен-ақ әрбір ұжым жеңіске деген жоғары дайындықтары мен ширақ қимылдарын аңғартты. Әріптестер арасындағы тартысты додада жеңіс пен жеңілістің қатар жүруі заңдылық. Футбол бәсекесінде МТРК құрамасының бұл жолы жолы бола қоймады. Тәжірибелі қарсыластар ширақ қимылдап, біздің жігіттер есепте есе жіберіп алды. Дегенмен, бұл сәтсіздік команданың спорттық рухын түсіре алған жоқ. Тіпті, жарыс барысында ауа райы құбылып, жаңбыр жауғанына қарамастан БАҚ өкілдері алаңда аянбай тер төкті.
ӘЛИХАН ЖАҚСЫБАЕВ, МТРК тілшісі:
— Ауа райы бұзылып тұрса да жарыс өте жақсы өтуде. Бұл бізге ешқандай кедергі емес, көңіл-күйіміз тамаша. Қарсыластардың дайындығы мықты, дода тартысты өтіп жатыр.
НҰРБОЛ БАЛҒАБЕКОВ, тілші:
— Көңіл күй керемет. Жарысқа мықтап дайындалдық. Командамыздың әр ойыншысы жеңіске жету үшін барларын салды.
Футболда кеткен есені біздің ұжым волейбол алаңында артығымен қайтарды. Допты тордан асыра дәл бағыттаған МТРК-лықтар шиеленісті бәсекеде қарсылас шақ келтірмей, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте республикалық БАҚ-тың «Меншікті тілшілер» құрамасы 117 ұпаймен спартакиада жеңімпазы атанды. Ал 114 ұпай жинаған аудандық басылымдардың «Аудандық спорт» командасы екінші орынды іліп әкетті. «МТРК» телеарнасының ұжымы 97 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп, жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Үздік қатысушы ұжымдар арнайы медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Журналистер одағының облыстық филиалында 120-ға жуық БАҚ өкілі бар. Күнделікті қым-қуыт жұмыстан бір сәт серпіліп, спортта бас қосқан масс-медиа мамандары өздерінің кәсіби мерекесін 28-ші маусымда атап өтеді. Ал бұл спартакиада сол айтулы күнге жасалған тамаша тарту болды.
Жангельді Жамалиев