Спорт

Өңір велошабандоздары жарады

Теміржол вокзалына “Қызылорда-Петропавл” бағытындағы пойыз таяды. Оны қолдарына плакат, шар, гүл ұстаған бір топ адам асыға күтіп тұр. №13 вагоннан өңір намысын абыроймен қорғаған жасөспірімдер түсуде. Бұлар – Александр Винокуровтың ізін басқан велошабандоздар.

ЮРИЙ ЛЕНЬО, велосипед спортынан олимпиада резерві мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

— Біздің құрамамыз Қарағанды облысы, Саран қаласында өткен “Олимпиадалық үміт” жарысына қатысты. Олжалы оралдық. 8 күндік сайыс 5 кезеңнен тұрды. Шәкірттерім жекелей бәсекеге түсті, топтық додада шеберлік сынады. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте екінші орын бұйырды. Тамаша көрсеткіш деп білеміз. Себебі, бұл жарыста 17 құраманың өкілдері таласқа түскен еді.

Орталық Қазақстанда ойқастаған 10 баланың арасында тәжірибесі аздар жетерлік. Дегенмен, бойларында талант пен табандылық бар. Бұлар – 40 спортшының арасынан іріктелгендер. Солардың бірі – Дмитрий Парпура.

ДМИТРИЙ ПАРПУРА, велошабандоз:

— Мен үшін бұл жарыс қиын әрі қызықты болды. Кезеңдердің бірінде 3-ші орын иелендім. Велоспортпен 9 ай ғана жаттығамын. Нәтижеге көңілім толды. Сайыстан мол тәжірибе жинадым. Команда болып әрекет етудің қыр-сырын меңгердім. Алдағы додаларда чемпион атанамын.

Әр спортшының асқақ арманы – Александр Винокуров сынды Олимпиада чемпионы атану. Ал бұндай биік белесті бағындыру үшін спорт баспалдағының әр сатысынан өту керек. Келесі дода Қостанай қаласында өтпек. Көрші қалада Қазақстан Республикасының чемпионы ұйымдастырылмақ.