Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға арналған жаңа маңызды құжат қабылданды. Президент 2029 жылға дейінгі “Digital Qazaqstan” жалпыұлттық стратегиясын бекітті. Бұл бастама арқылы билік өкілдері заманауи технологияларды кеңінен қолдана алады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың жұмысы жеңілдейді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Қазіргі таңда Қазақстан электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарында. Қабылданған жаңа стратегия осы жетіктіктерді бір жүйеге біріктіріп, жасанды интеллектіні экономиканың негізгі саласына енгізуді көздейді. Құжатта киберқауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Бастаманың басты мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту.
Құжат үш басым бағыттан тұрады. Біріншісі – әлеуметтік төлемдер, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы азаматтарға көрсетілетін бірқатар қызметті жетілдіру. Бұл тұрғындардың сағаттап кезек күтіп, мекемеден-мекемеге сандалып жүрмеуіне көмектеседі. Екінші бағыт – экономиканы цифрлық трансформациялау. Соңғысы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Айта кету керек, жаңа құжат әр саладағы жұмыс процесін жеңілдетеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасын “SKO Hub” орталығының менеджері Зульфия Тухватуллина қолдайды.
ЗУЛЬФИЯ ТУХВАТУЛЛИНА, “SKO Hub” орталығының менеджері:
— Жол картасы мен бекітілген құжат болса біздің жұмысымыз әрдайым алға басады. Себебі, бағыт-бағдар бар. Өңірде цифрлық технология саласы қарқынды дамуда. Бір жылдың ішінде 10-нан астам IT-орталық ашылды. Заманауи креатив орталығымыз бар. Ғимаратта заман игіліктерін меңгеремін дейтін жанға бар жағдай жасалған. Алдағы уақытта өңір жастары түрлі бағдарламаларды ойлап табады деп сенемін.
Қазіргі таңда Зульфия Тухватуллина мемлекеттік қызметкерлерге арналған түрлі тренингтер өткізуде. Осы күнге дейін 50-ге жуық атқамінер білікті маманның арнайы курсын меңгеріпті.
Нұрасыл Ахмет