Денсаулық сақтау

Ақ халатты абзал жанның 40 жылға жуық еңбек жолы

Елге еңбегі сіңген азаматша. Қызылжар ауданындағы Красноярка ауылдық медициналық пунктінің медбикесі Лариса Кирееваны осылай бағалауға болады. Ол медицина саласында табаны күректей 39 жылдан бері еңбек етіп келеді.

ЛАРИСА КИРЕЕВА, Красноярка ауылдық медициналық пунктінің медбикесі, Қызылжар ауданы:

— Мен 1989 жылдан бері медицина саласында қызмет етемін. Балалық және жастық шағым Тәжікстанда өтті. Душанбе медициналық училищесін фельдшер-зертханашы мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін Тәжікстанда азаматтық соғыс басталды, біз Қазақстанға қайта көшіп келуге мәжбүр болдық. Қазақстан – менің туған жерім. Мен Петропавл қаласында дүниеге келдім, 1 жасымда Тәжікстанға қоныс аударыппыз. Красноярка ауылына жұмысқа келдім, осында тұрмысқа шықтым. Содан бері осы тамаша елді мекенде өмір сүрудемін.

39 жыл аз уақыт емес. Бұл – бір адамның ғұмыры, бұл – тарихи кезең. Дегенмен, Лариса Киреева “күндер зымыранша зулауда” дейді. Кезінде өзі алғаш екпе салған балалар бүгінде дертке дауа тапқан азаматшаға ұл-қыздарын, тіпті алды немерелерін әкелуде. Антына адал жерлесіміз ауылдастарына күндіз де, түнде де көмек көрсетуге әзір.

ЛАРИСА КИРЕЕВА, Красноярка ауылдық медициналық пунктінің медбикесі, Қызылжар ауданы:

— Біз тұрғындарға алғашқы және шұғыл медициналық көмек көрсетеміз. Скринингтер мен профилактикалық тексерулер де жүргіземіз. Мектепте штаттық медбике жоқ, сондықтан балаларды жоспар бойынша өзім тексеремін. Күндіз де, түнде де шақыртулар болады, барлығына барып отырамын. Бұл – менің міндетім.

Лариса Анатольевна кезінде ақыл-кеңес беріп, жол сілтеген тәлімгерлерін ұмытқан емес. Сондай жанның бірі – Күлбаршын Бейсенбайқызы.

ЛАРИСА КИРЕЕВА, Красноярка ауылдық медициналық пунктінің медбикесі, Қызылжар ауданы:

— Мен Күлбаршын Бейсенбайқызымен бірге шамамен 30 жыл жұмыс істедім. Біз танысқанда небәрі 20 жаста едім, оқуымды жаңа ғана аяқтаған кезім. Білікті маман маған көп нәрсе үйретті, мол білім берді. Өте сауатты фельдшер еді. Сол үшін ұстазыма, әріптесіме әлі күнге дейін алғысым шексіз. Қазір ол зейнет демалысында, немерелерін тәрбиелеп отыр.

Лариса Кирееваның өзі де әже атанған. Бүгінде қамқор жерлесіміз 2 баладан 3 немере сүйіп отыр. Мұндай мамандардың ауылдарда азайып бара жатқаны өкінішті. Білікті, жауапкершілігі жоғары қызметкер қоғам үшін алтыннан қымбат.