Денсаулық сақтау

Жыл басынан облыстық қан орталығында 3500-ге жуық адам қан тапсырған

14 маусым – Халықаралық донор күні! Айтулы датаға орай облыстық қан орталығында мерекелік шара өтті. Үздік донорлар марапатталып, оларға түрлі сыйлықтар табысталды. Ақхалаттылардың сөзінше, адамдар мекемеге келіп, бірден қан тапсырмайды. Алдымен дәрігерлердің қарауынан өтеді. Бойы мен салмағы тексеріледі. Гемоглобин көрсеткіші бақыланады. Кейін мамандар тұрғындарға қуат алу үшін тәтті шай береді. Бұл – игі іс алдындағы маңызды процестер. Себебі, тексеріссіз донор атанса қанға мұқтаж адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін.

ВАЛЕНТИН ДИГТЯР, облыстық қан орталығы директорының орынбасары:

— Орталыққа күніне 40-қа жуық адам келеді. Жыл басынан 3500-ге жуық адам қан тапсырды. Айта кетейін, игі іске бірінші рет барғандар 350 мл қан тапсырады. Ал тұрақты донорлардан көптеу алынады.

Донор болу – сауапты іс. 1 рет қан тапсырған жан 3 адамның өмірін құтқарады. Бұл игі іс арқылы өзгеге ғана емес, өзіңе де пайдаң тиеді. Толығырақ айтсақ, қан тапсыру адам өмірін 5-7 жылға дейін ұзартады. Айта кету керек, бәрі бірдей донор бола алмайды.

ВАЛЕНТИН ДИГТЯР, облыстық қан орталығы директорының орынбасары:

— Адамдар ақхалаттылар рұқсат бергеннен кейін ғана қан тапсыра алады. Егер азамат дәрігердің есебінде тұрса, дәрі-дәрмек қабылдаса, донор бола алмайды. Сондай-ақ, денесінде суреті бар немесе пирсинг таққан тұрғын да қан тапсырмайды. Статистикаға сүйенсек, көбінесе 1-ші қан тобы кең таралған. Сол себепті, дәл осы топтағы қан қорын ұлғайтып отырамыз.

Қала тұрғыны Дмитрий Пасечный 3 жылдан бері облыстық қан орталығына келіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады. Азамат мекемеге 3 айда бір келеді. Әр келген сайын мамандар жанашыр жаннан 450 мл қан алады. Кейде оны мекеме қызметкерлері өздері шақырады екен.

ДМИТРИЙ ПАСЕЧНЫЙ, донор:

— Қан тапсырғаннан кейін өзімді жақсы сезінемін. Денем жеңілдеп, бір сергіп қаламын. Одан қалды, қаншама адамға пайдам тиеді. Бұл – ең бастысы. Сондықтан тұрғындарға игі істен қалыс қалмауға шақырамын.

Айта кету керек, орталықта алынған қан облыстағы 21 медициналық мекемеге жөнелтіледі.

Нұрасыл Ахмет