Қазақстанда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2023–2025 жылдар аралығында елімізде 800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде 655 ауылдық жерлердегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысаны бар. Айта кетейік, теріскейде соңғы екі жылда аталмыш нысанның 38-і бой көтерді. Сонымен қатар, бұрын медициналық көмек көрсетілмеген елді мекендерде 200-ден астам жаңа медициналық кешеннің құрылысы аяқталды. Оның нәтижесінде шамамен бір миллион ауыл тұрғыны сапалы медициналық қызметке қол жеткізді. Бұдан бөлек соңғы үш жылдың ішінде денсаулық сақтау саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 22%-ға артып, 561 млрд теңгеге жетті. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жеке инвестициялар көлемі 137 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ елімізде аудандық ауруханаларды жаңғырту, көпбейінді стационарлар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен ұлттық медициналық орталықтар салу жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылдың соңына дейін 32 аудандық орталық аурухананы жаңартып, оларды көпбейінді аудандық ауруханалар деңгейіне жеткізу жоспарланған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. Осы орайда Петропавлдағы ірі стационардың құрылысы аяқталуға жақын деп жазылды бейінді министрліктің сайтында.